Үкімет

Вице-премьер Павлодар қаласының әлеуметтік және индустриялық саласының бірқатар нысандарын аралады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Павлодарға жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлады primeminister.kz.
Павлодар27 Ақпан , 19:39

Атап айтқанда, Б.Сапарбаев химиялық-механикалық колледжге барып, кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің дамуымен танысты. Облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына, балалардың техникалық мектебіне, жедел медициналық көмек станциясына, кардиологиялық орталыққа, мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру нысандарына барды. 

Жұмыс бағдарламасының тағы бір пункті облыстық ірі кәсіпорын басшыларымен Павлодар мұнай-химия зауытындағы кеңесі болды. Жұмыс орындарын сақтау, өндірістік процестерді тұрақтандыру және жергілікті қамтуды дамыту бойынша алдында жасалған меморандумдарды орындау мәселелері қаралды. 

Сонымен қатар, дуальды білім беруді дамыту аспектілері талқыланды. Б.Сапарбаев студенттер апта сайынғы іс-тәжірибені кәсіпорындарда өтетін колледждермен ынтымақтастықтағы ПМХЗ-ның тиімді тәжірибесін атап өтті. Ол осы тәжірибені елдің барлық аймақтарында пайдалануды ұсынды. 

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде «барлық мүдделі тараптар меморандумдардың шарттарын қатаң сақтауы тиіс» екенін айтып өтті. «Оларды орындау халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін төмендетуге жол бермейді, сондай-ақ кәсіпорындарға, жеке бизнеске қолдау көрсетіп, елдің экономикалық әлеуетін одан әрі арттыру үшін жақсы ынталандыру болады», - деп баса айтты Б.Сапарбаев.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика