Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Кезектен тыс Президент сайлауы Үкіметтің резервінен қаржыландырылады

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Үкіметтің резервінен қаржыландырылатын болады, деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Нұр-Сұлтан26 Ақпан , 16:51

«Бүгінгідей қиын-қыстау уақытта мемлекет қаржысын мүмкіндігінше үнемді әрі тиімді пайдалану барлық мемлекеттік органдардың алдына қойылып отырған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан бұл мәселе біз үшін де маңызды. Бүгінгі таңда біз жиһаздар мен компьютерлер алу, кеңсеге қажетті жиһаздар сатып алу сияқты мәселелерден бас тартып отырмыз. Біз көлік шығындарының нормативтерін де қайта қарап, өзге де шығындарды да оңтайландырамыз», - деді ОСК төрағасы.

Сондай-ақ ол сайлау науқанын қаржыландыру мәселесі осы уақытта Үкімет тарапынан талқыланып жатқандығын атап өтті.

«Өкінішке қарай, мен сіздерге қазір нақты қаржы көлемін айта алмаймын. Үкімет бұл мәселені әлі талқылауда. Менің айтатыным, тек бұл қаржы Үкіметтің резервінен алынады. Бірақ сіздер бұл бағытта жұмсалатын қаржы көлемін шамалап болса да болжамдау үшін 2011 жылы жұмсалған қаржы көлемінің 4,4 миллиард теңгеге жеткенін айтқым келеді. Оның 66 пайызы немесе 3 миллиард теңгесі  сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақыларына жұмсалды»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.

Сондай-ақ оның айтуынша, осы уақытта елде полиграфия қызметі мен бқаралық ақпарат құралдарының бағалары өсіп кеткен. «Көріп отырғандарыңыздай бағалар өсуде, осыған қарай сайлау науқанына жұмсалатын шығындар да өсуі мүмкін. Бірақ әзірге бұл тек болжам ғана. Ал нақты соманың мөлшерін белгілі болғанда ғана айта аламыз», - деді ОСК басшысы. 

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика