Адами капитал

Оңтүстік Қазақстанда құтқарушылар ардагерді 93 жылдық мерейтойымен құттықтады

Василий Афанасьевич Мухачев 93 жасқа толды. Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ҰОС ардагерін құттықтап барды.
Оңтүстік Қазақстан26 Ақпан , 18:09

ҚР ІІМ ТЖК хабарлағандай, қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдарын көзіне жас ала еске алады.

«Сталинград түбіндегі айқаста беті мұз боп қатқан Волга өзенінің арғы жағасына оқ-дәрі тиелген жүк көліктерін өткізуіміз керек болатын. Алайда, жау атқыштары мұздың үстімен қозғалып келе жатқан нысанды атқылап, бірінші жүк көлігінің ішіндегі барлық жауынгер сол жерде мерт болды. Бірақ қалай болғанда да Волга өзенінің арғы жағасына оқ-дәріні жеткізу міндеті тұрғандықтан, көліктерді жүргізушісіз жіберу шешімі қабылданды. Көліктің рулін мықтап бекітіп, газ педалін тіреп қоя бердік те, ол қарсы беттің жағалауын соқтығысып, тоқтады. Осылайша, бірнеше жүк көлігін қарсы беттегі жағалауға өткізіп, қойылған міндетті орындадық»,-дейді В. Мухачев.

Елге оралғасын ол Шымкент қаласында өртке қарсы қызметінде жұмыс істеді. 1955 жылы Шымкенттегі Түркістан көшесінде орналасқан қаладағы ең көне өрт сөндіру депосының құрылысын жүргізген. Майор шеніне дейін көтеріліп, зейнетке шықты. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, немере өсірді. Ұл-қыздарының барлығына саналы тәрбие мен білім беріп, азамат қатарына қосты.

Майдангердің 93 жасқа толуына орай, Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бір топ қызметкерлері мен ОҚО ТЖД ардагерлер кеңесінің төрағасы В. Витков ардагерді арнайы барып құттықтады. Ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпат ұсынды. Жеңіс күнін жақындатып, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне елеулі үлес қосқаны үшін шын жүректен алғыстарын білдірді.




Яндекс.Метрика