Инфрақұрылымның дамуы

Павлодар облысында жаңа ауыл мектебі ашылды

Шарбақты ауданының орталығы – Шарбақты ауылында Абай Құнанбаев атындағы қазақ мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Бұл білім ошағында оқушылар мемлекеттік тілде білім алады.
Павлодар26 Ақпан , 19:18

Облыс әкімдігі хабарлағандай, жаңа мектептің жобалық қуаты 300 орынға арналған. Қазіргі таңда бұл мектепте 247 оқушы білім алатын болады. Мектептің жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайды. Мектепте 20 оқу кабинеті, 2 информатика кабинеті, 1 мультимедиалық кабинет, кітапхана, мәжіліс және спорт залдары, асхана, 4 медициналық кабинет, 2 шеберхана мен 1 интерактивті тақта бар.

Өткен жылы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 420 оқушыға арналған қазақ тілінде оқытатын білім ордасы пайдалануға берілді.Биыл Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» Жолдауында апатты мектептерді жою жөнінде тапсырма берілген еді. Облыс басшылығы жергілікті бюджет есебінен 367 млн. теңгеге Қызылағаш ауылында 100 орындық мектеп салу жұмысын бастады.

Ағымдағы жылы облыста 5 мектептің құрылысын аяқтау жұмысы жалғасады. Осы мақсатқа бюджеттен 3 млрд. 42 млн. теңге қарастырылған.Жалпы, 2015 жылға өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 2014 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артып, 55 млрд. теңгені құрады.

 




Яндекс.Метрика