Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев пен Ф.Олланд стратегиялық серіктестіктің болашағын талқылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президенті Франсуа Олландпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан25 Ақпан , 19:47

Қазақстан мен Франция басшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуалға қатысты 12 ақпандағы Минск келісімін жүзеге асыру жөніндегі кешенді шараларды атқару аясында пікір алмасты.

Екі ел Президенттері Минск келісімі қазірдің өзінде қантөгісті тоқтатуға ықпал еткеніне тоқталды. Қақтығыс аумағынан ауыр техниканы әкетудің маңыздылығы атап өтілді.

«Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Еуропалық Одақ арасындағы санкцияларды біртіндеп алу үшін қажетті шарттарға көңіл аударды. Ф.Олланд оқ ату толық тоқтатылып, ауыр техника әкетіліп, Мариуполь төңірегіндегі қақтығыс басылған жағдайда санкцияларды азайту мәселесі талқылануы мүмкіндігін айтты», - делінген хабарламада.

Екі ел көшбасшылары Украинадағы дағдарысты реттеу мәселесі бойынша халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ әңгіме барысында Қазақстан-Франция стратегиялық серіктестігінің келешегі талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Францияға биыл сапармен келуге шақырғаны үшін Ф.Олландқа алғыс айтты.

Телефон арқылы сөйлесуге француз жағы бастамашылық етті. 




Яндекс.Метрика