Адами капитал

Беларусьте КО Батыры Қ. Нұржановтың Кубогына арналған жеңiл атлетика бойынша жыл сайынғы жарыс өтті

ҚР Беларусьтегі Елшісі Ерғали Бөлегенов Гродно облысының Зельвенск және Волковыск аудандарына сапармен барып, Волковыск қаласын неміс-фашистік басқыншыларынан азат ету кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Қазбек Бейсенұлы Нұржановтың Кубогына арналған жеңiл атлетика бойынша 38-ші жыл сайынғы жарыстың ашылу салтанатына қатысты.
Әлемде24 Ақпан , 19:57

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, жарыс жыл сайын ақпан айында өткізіліп, Волковыск қаласын қорғау мен азат ету кезінде қаза тапқан және Зельвенск ауданы Деречин ауылындағы бауырластар зиратында жерленген Қазбек Нұржановқа арналады.

Елші Деречин ауылындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойып, Гродно облыстық және аудандық басшыларының, Деречин ауылы тұрғындары және оқушыларының еске алу шеруіне қатысты.

Е. Бөлегенов жеңіл атлетика жарысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысы Кеңес халқының тарихында ең қайғылы оқиға болғанын, сонымен қатар, соғыс әскери бауырластық, теңдесі жоқ ерлік пен жігер танытқан түрлі халықтар пен ұлттар өкілдері бірлігінің, тұтастығының жарқын үлгісі болды деп атап өтті. «Мен Беларусь халқына соғыста қаза тапқан жауынгерлерді есте сақтап, із-түссіз жоғалғандарды іздеп, есімдерін қайтарып, Қ. Нұржанов ерлігін ұмытпай, Волковыск қ. көшелерінің біріне оның есімін бергені үшін өзімнің шынайы ризашылық пен алғысымды білдіргім келеді» деп айтты қазақстандық дипломат.

Сапар барысында Қазақстан Елшісі Гродно облыстық атқарушы комитетінің төрағасының орынбасары Виктор Лисковичпен және Волковыск аудандық атқарушы комитетінің төрағасы Михаил Ситькомен кездесіп, өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, Қ. Нұржанов 1919 жылы қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Ұлтты қазақ. Қарқаралы педагогикалық техникумында оқуын бітіріп, туған жері Ақтоғай ауылында мұғалім болып жұмыс істеген. 1939 жылдан бастап Қызыл Әскер қатарына түскен.

Барлау взводының командирі 61-ші жойғыш дивизионының 5-ші атқыш дивизиясының аға сержанты Қ. Нұржанов 1942 жылының сәуір айынан бастап Ұлы Отан Соғысына қатысты. Зуш, Десну, Сож, Днепр, Друть, Березину өзендері маңындағы, Орел мен Волга түбіндегі шайқастарға қатысып, ерлік көрсетті.

Золотарев маңайындағы шайқаста Қ. Нұржанов танк ататын мылтық арқылы фашисттік танкіні отқа салып, ал оның басқарған бөлімшесі жаудың үш автокөлігін жойды. Аға сержант Қ. Нұржановтың ерлігі мен тапқырлығы үшін дивизия басшылығы оған барлаушы взводын басқаруды тапсырды. Олар Друть өзенінің 149,7 белгісі тұсында барлау жүргізіп, жаудың танк шабуылын тойтаруға мүмкіндік берген бағалы мәліметтер алды.

«Первомайск» совхозы жерінде Нұржанов жаудың тылына кіріп, олардың шегінер жолын кесіп тастады. Жеке өзі 8 гитлершілді өлтіріп, оның взводы 97 фашист жауынгерлерін капитанымен бірге тұтқынға алды.

Волковыск қаласын аларда қазақстандық жауынгер қармау тобын басқарды. Топтың батыл әрекеттері жауды соғыс техникасын, қару-жарақтарын тастатып, қаштырды. Қ. Нұржанов қашқан жауды қуып, 3 фашисті, соның ішінде бір офицерді тұтқынға алды.

Ержүрек батыр жаяу әскерді соңынан ертіп Волковыск қаласына кірді, сол ұрыста ауыр жараланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығы бойынша көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Қазбек Бейсенұлы Нұржановқа қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.




Яндекс.Метрика