Өңірлер

Н.Назарбаев: Ислам мәдениетінің астанасы құрметті атағы Алматының рухани дамуына тың серпіліс береді

Алматыда «Алматы - 2015 жылғы Ислам мәдениеті астанасы» жылына ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, қала әкімі Ахметжан Есімов, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің мәдениет министрлері қатысуымен өткен аттас халықаралық конференциясында бастау берілді.
Алматы қаласы24 Ақпан , 13:02

Қала әкімдігі хабарлағандай, конференцияны ашқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оқиғаның маңызды екендігін атап өтіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау жеделхатын оқып берді.

«Алматының ислам мәдениеті астанасы мәртебесіне 2015 жылы Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше болғанына мерейлі 20 жыл толуы кезінде ие болуы есте қаларлық оқиға.

Осы жылдар ішінде Қазақстан ортақ мүдделер тұғырнамасын құра отырып, мұсылман әлемі елдерімен қарым- қатынасты нығайтуға белсенді атсалысып келеді.

Біздің елдеріміздің арасындағы мәдениеттегі, ғылымдағы, білім берудегі дәстүрлі гуманитарлық байланыстарды жаңғырту мен дамыту ұзақ мерзімді сәтті ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.

Ислам мәдениетінің астаналары Халықаралық жобасы Ислам ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің мәдени алмасу, гуманитарлық байцланыцстарды одан әрі дамыту және ынтымақтастықты тереңдету әлеуетінің өзектілігін арттыруға үндейді.

Ислам мәдениетінің астанасы құрметті атағы тарихи сабақтастықты айшықтап, Алматы қаласына ислам мәдениетін дамытуда тың серпіліс береді», - делінген жеделхатта.

Ахметжан Есімов «Алматы- Достастықтың 2014 жылғы мәдени астанасы» бағдарламасы қала тұрғындары мен қонақтары үшін есте қаларлық мәдени оқиғаларға толы жыл болғандығын атап өтті.

«Алматылықтардың көңілінен шыққан 32 шара өтті. Ал, биыл Алматы жаңа мәдени бағдарлама эстафетасын қабылдап отыр», - деп атап өтті мегаполис басшысы.

Сөзінің соңында Ахметжан Есімов Алматы тек қаржы орталығы ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдениет тоғысқан орын екендігін әрі мегаполистің діни, ұлттық, этникалық толеранттық үлгісін көрнекі түрде көрсетіп келе жатқандығын да атап өтті. Қазіргі кезде қалада 300-ден астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді.




Яндекс.Метрика