Инфрақұрылымның дамуы

Алматы облысында 2014 жылы 55 өндірістік нысан ашылды

Жаңа 55 нысанды іске қосу және жұмыс істеп тұрған 25 өндірісті кеңейту есебінен қосымша 2 мыңнан артық жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев мәлімдеді.
Алматы30 Қаңтар , 08:51

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 412,4 млрд. теңгені құрап, өнеркәсіпте 537,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Барлығы 2014 жылы облыс экономикасына 452,7 млрд. тг инвестиция тартылып, жалпы алғанда 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.

«Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру жүйесімен облыс балаларының 64% қамтылғанын жеткізді. 2015 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 77%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар баяндамада ағымдағы жылдың соңында 5 мемлекеттік және 69 жеке меншіктегі бала бақшалар салынып, мектепке дейінгі мекемелердегі кадрларды дайындау жұмыстарының жалғастырылатындығы айтылды», - деп хабарлады әкімдік.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын орындау барысында барлық бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Әсіресе өндірістің дамуы, ауылшаруашылығы мен шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аудару қажет. Бүгінгі күні «Сыбаға» бағдарламасы бойынша төменгі көрсеткіштер байқалуда. Заманауи бордақылау алаңдарын салып, жүн қабылдайтын орындар ашу қажет. Ірі фирмалармен байланыс орнатып, шаруалардың оларға өз өнімдерін өткізуде еш қиындықтардың туындамауын қолға алуымыз керек», - деді аймақ басшысы А.Баталов.

Сөз соңында өңір басшысы көптеген салалық бағыттарда алға жылжудың байқалғандығын жеткізіп, алдағы уақытта жаңа сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін күшейтілген жүйеде жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, әр ауданда кем дегенде 4 өндіріс ошағын ашу мәселесі күшін жоймағандығын атап өтті.

«Алдымызда нақты, бірігіп атқаратын, жедел іс қимылды талап ететін ауқымды жұмыстар күтіп тұр», - деп қорытындылады өз сөзін Амандық Баталов.




Яндекс.Метрика