Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Қытай мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісін қалыптастыра алды – Жақыпов

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ханьхуэй Чжанды қабылдады.
Астана қаласы 29 Қаңтар, 15:18

Мәжілісте хабарлағандай, мейманды біздің еліміздегі дипломатиялық жұмысының басталуымен құттықтаған Палата Спикері дипломатиялық байланыс орнаған 23 жылдың ішінде біздің елдеріміздің мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісін қалыптастырғанын сөз етті. Бұл ең алдымен Қазақстан мен Қытай басшылары арасындағы тиімді үнқатысудың нәтижесі.

Сауда-экономикалық байланысты нығайту жайын сөз еткенде  Мәжіліс Төрағасы Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда әріптесі екенін атап өтті.  Біздің еліміздің жалпы тауар айналымында екі жақты тауар айналымының үлесі 20% артты.  Палата Спикерінің пікірінше, әсіресе, көліктік-транзиттік саланың әлеуеті зор. Ал, ағымдағы жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік магистральінің қазақстандық аумағының іске қосылуы тағы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Тараптар парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз еткенде депутаттық топтардың, бейінді комитеттердің, жалпы екі ел парламенттерінің арасындағы байланысқа айрықша назар аударды. Осыған байланысты Мәжіліс Спикері Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты Комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянға біздің  елімізге іс-сапармен келуі үшін шақыру жолдады.  

Өз кезегінде елші  біздің мемлекеттің жетістіктеріне жоғары баға беріп, Пекин үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды әріптестің бірі саналатынын айтып, алдағы уақытта да барлық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.  

«Тұрақты әрі гүлденген Қазақстан Қытайдың негізгі мүдделеріне сай келеді»,-деді ол.

 





Яндекс.Метрика