Үкімет

Президентке жолдаған хатында консерватория студенті «Қазақстан – 2050» Стратегиясының жүзеге асуына барлық азаматтардың атсалысып жатқандығын жеткізді

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Рахат-Би Абдісағын Елбасы Н.Назарбаевқа хат жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Қаңтар , 14:48

Автор өз хатында классикалық музыкамен кәсіби тұрғыда айналысатынын және осы 16 жасында-ақ бірқатар шығармалардың авторлық құқығына ие екенін айтады.Р.Әбдісағын Отанына деген махаббатын фортепиано мен симфониялық оркестрге арналған «Қазақ рапсодиясы» атты музыкалық туындысы арқылы жеткізген.

«Онда менің заманауи Қазақстанды қалай қабылдайтыным, оның қарқынды дамуын сезінуім көрініс тапқан. Мен өз сезімдерімді әркімге түсінікті дыбыстық музыкалық белгілер арқылы беруге тырыстым», – деп жазады консерватория студенті.

Автор қазіргі уақытта әлемнің түрлі халықтары дәстүрлерінің белсенді түрде кірігу үрдісі байқалып отырғанына тоқталады.

«Әлемдік мәдениетте өзгелердің арасында біздің еліміздің, біздің халқымыздың мәдениетінің ең жақсы қырлары айқын көрінгені өте маңызды!», – делінген хатта.

Сондай-ақ елдің тағдыры оның көшбасшысының тағдырымен тікелей байланысты екені де айтылған.

«Біздің әрқайсымыз, Қазақстан азаматтары, Мемлекет басшысы жариялаған бағдарламаны дамыта отырып, өзіміз белсене араласатын салада қомақты үлес қосуға тиіспіз», – деп жазады хат иесі.

Соңында Р.Әбдісағын Мемлекет басшысы жариялаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы елдің барша азаматтарының атсалысуымен табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірген. 




Дерекнама

Яндекс.Метрика