Жасыл даму 2050

Қызылорда облысында 3 жылда балық аулау көлемі 40 пайызға өсті

Соңғы 3 жылда Қызылорда облысында балық аулау көлемі 40 пайызға өссе, соның ішінде, кіші Арал теңізі бойынша балық аулау 33,6 пайызға ұлғайып отыр.
Қызылорда30 Қаңтар , 09:38

Бүгінгі таңда, облыста балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен жергілікті маңызды 179 көлдер бар, деп хабарлады аймақтың әкімдігі.

Бүгінгі күні, Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі мен 149 көл табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімді пайдалануға бекітіліп берілген.

Соңғы жылдары балық өңдеу саласы қарқынды дамып келеді.

Бүгінгі таңда, Арал, Қазалы аудандарында жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыттары жұмыс атқаруда.

Осы  сияқты, облыстағы ірі  балық өңдеу кәсіпорындардың бірі «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ің балық өңдеу зауыты. Зауытта тұрақты 80 адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 400 тоннаның үстінде балық қабылданып, өңделген.

Соңғы жылдары, балық өнімдерінің экспортының көлемі артып келеді.  Мәселен, 2014 жылы құны 3,1 млн. АҚШ доллары болатын 500 тоннадан астам тонна балық өнімдері Грузия, Дания, Польша, Австрия, Германия мемлекеттеріне экспортталды.

2006 жылдан бастап, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген Арал қаяз балығының генофондын сақтау жобасы жүзеге асырылып келеді.

«Жоба басталғалы бері 45-50 мың дана қаяз балығының шабақтары күріштік алқаптардан жиналып, уақытша тоғанда өсіріліп, Кіші Арал теңізіне жіберілуде.Қаяз балығының аналық тобының қалыптасып, уылдырық шашу жасы 10-11 жыл екендігін ескерсек, алдағы 5-6 жылда қаяздың аналық тобы қалыптасып, табиғи өсу деңгейіне жететін болады», - делінген хабарламада.

Осыған байланысты, Арал өңірінің балықшылық кәсібін одан әрі жетілдіру мақсатында, облыс әкімдігімен Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2015 - 2017 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.




Дерекнама

Яндекс.Метрика