Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Астана медициналық туризм бойынша Орталық Азиядағы жетекші орталықтардың біріне айналды - ДСӘДМ

2011-2014 жылдары Астанадағы Ұлттық медициналық холдинг (ҰМХ) клиникаларында және Ұлттық ғылыми медициналық орталықта (ҰҒМО) әлемнің 30-дан астам елінің 4799 азаматына медициналық көмек көрсетілді.
Астана қаласы29 Қаңтар , 09:21

Атап айтқанда, жоғары медициналық мамандандырылған көмек алу үшін ҰМХ еншілес ұйымдарына Ресей, АҚШ, Жапония, Италия, Ұлябритания, Түркия, Болгария, Шри-Ланка, Филиппин, Қырғызстан және өзге елдердің азаматтары келген, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Шетел азаматтары көбінесе омыртқа дискі жарығын микрохирургиялық жолмен алып тастау, экстракорпоральды ұрықтандыру, жүректегі қан жолы тетігіне кардиохирургиялық ота жасау, жатыр артериясын эмболизациялау сияқты қызметтерге жүгінеді.  

2011-2014 жылдар аралығында ҰМХ ұйымдарында 4734 шетелдік азаматқа көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, медициналық туризм Ұлттық ғылыми медициналық орталықтада жақсы дамуда. Бұл орталықта АҚШ, Қытай, Кувейт, БАӘ, Үндістан, Ресей азаматтары емделді. 

Шетелдік пациенттер мұнда жасуша технологияларын пайдалана отырып, ішкі органдар жетіспеушілігін морфо-функционалды түзету мақсатында келеді. Сондай-ақ, өзге елдер азаматтары арасында метаболикалық синдром, 2 типтегі қант диабеті ауруы жиі кездеседі.  

2011-2014 жылдары Ұлттық ғылыми медициналық орталықта шетелдерден келген 65 науқасқа көмек көрсетілді.  

Еске сала кетейік, «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстан медициналық туризм бойынша жетекші еуразиялық орталыққа айналуы тиістігін атап көрсеткен еді. 

 

 




Яндекс.Метрика