ҚР ИИДМБ

Астанада ҮИИДМБ аясында 167,8 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асты (Фото)

Бүгін Астанада үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының Астана қаласындағы іске асу қарқыны, инновациялардың дамуы, АЭА (Арнайы экономикалық аймақ) және индустриялдық аймақтар, инвестиция тарту, туризм және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды.
Астана қаласы 28 Қаңтар, 17:21

Астана қаласының әкімдігі хабарлағандай, 2010-2014 жылдардағы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» Мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығы бойынша нәтижелер Астана қаласы үшін тұтастай алғанда жайлы болды. Алайда Ә. Жақсыбековтің айтуынша, әлемдік экономикада қалыптасқан бүгінгі ахуалды ескеру қажет және  «Нұрлы жол» Президент жолдауындағы міндеттерге сүйену керек. Осы орайда  бірінші кезекте бар жұмысты инвестиция тартуға жұмылдыру қажет, оның ішінде шетелдік қаржыны тарту ісіне жіті мән берілу тиіс.

Белгілі болғандай Индустрияландыру картасы аясында 167,8 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асқан. Оларда 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.

2010-2014 жылдар аралығында өндірілген өнім көлемі 157, 8  млрд. теңгені құрады (2010 – 0,2 млрд. теңге, 2011 – 3-9 млрд. теңге, 2012 – 9,0 млрд. теңге, 2013 – 54,7 млрд. теңге, 2014 – 90 млрд. теңге). 2014 жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған жобаларда 90 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 1,6 есеге артық. Қайта өңдеу саласында 270,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Мұндағы өсім 2013 жылғы көрсеткіштен 41, 5 млрд. теңгеге артық.

Бүгінде қала билігі шетелдік инвесторлармен ортақ жобаларды Индустриялды паркі шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда.

Өз кезегінде Әсет Исекешев ҚР Инвестиция және даму министрлігінің елорда әкімдігімен ортақ жұмысты үдете түсуіне қызығушылығын білдірді. Бұл ретте туристік саланы дамытуға бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыруға басымдық беруге шақырды. Министрдің атап өтуінше, бірлесе атқарылған жұмыс  индустриялды-инновациялық бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізеді.

«Ендігі кезекте біздің жоспарларымыз мемлекеттік инвестициялау көлемін азайтып,  елорданың экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған жеке инвестициялар тартуды ұлғайтуға бағытталып отыр. Бұл елордадағы экономикалық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осы орайда Инвестиция және даму министрлігі тарапынан толық қолдау көреміз дегенге сеніміміз мол», - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.

Кездесу қорытындысы бойынша, Ә. Жақсыбеков пен Ә. Исекешев елорда тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған ортақ жобалар әзірлеуге уағдалысып, бұдан арғы ықпалдастықтың бағытын анықтады. 





Яндекс.Метрика