Өңірлер

Қазақстандық әскери теңізшілер тұңғыш рет халықаралық теңіз биатлонына қатысады (Фото)

Каспий маңы мемлекеттері әскери-теңіз күштерінің тұңғыш халықаралық жарысын ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында өткізу жоспарлануда.
Казахстан 27 Қаңтар, 16:05

Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, жарысқа Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түркменстан теңіс жаяу әскерлері бөлімшелерінің жеке құрамы мен су үсті кеме экипаждары қатысады.

Жарыс үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – «Каспий дербиі». Теңіз жаяу әскерлері бөлімшелерінің әскери қызметшілері берілген маршрутты барынша аз уақыт ішінде өтіп, теңіз бен жағалаудағы нысаналарға атып тигізулері керек.

 «Каспий кубогы» атты екінші кезеңге төрт мемлекеттің су үсті кеме экипаждары қатысады. Олар берілген маршрут бойынша айналып шығып, теңіз және әуе нысаналарын, суда жүзетін минаны зақымдаубойынша жауынгерлік жаттығуларын орындайды. Содан соң, кемені якорь тұрағына қойып, якорь тастап, жалауларды пайдалана отырып белгі беру және қабылдауды жүзеге асырады. Содан соң жарысқа қатысушыларға «апатқа ұшыраған» кеменің координаттары беріледі. Экипаж оқиға болған жерге жетіп, кеме жолаушыларын құтқару және бортқа көтеру әрекеттерін жасайды.

Үшінші кезең – «Спорттық» деп аталады. Бұл кезең әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейлерін тексеруге бағытталған. Теңіз жаяу әскері бөлімшелерінің жеке құрамы мен су үсті кемесінің экипажы еркін стильде 100 м жүзу, гирь көтеру, бөлімше құрамында 5 км-ге жүгіру, арқан тартысу сияқты нормативтерді тапсыруы керек.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша ең үздік экипаждар медальдармен марапатталып, командалық есептегі жеңімпаздар бірінші орын кубогына ие болады.


 





Яндекс.Метрика