Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелі түрде орындалуы керек – Ізмұхамбетов

Атырауда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру жолдарын талқылаған жиын өтті.
Атырау26 Қаңтар , 14:51

Қабылданған стратегияның маңызына тоқталып, баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Марат Ахметжанов «аталған стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын жан-жақты қамти отырып, мемлекеттік биліктің барлық  деңгейлерінде, сондай-ақ жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға бағытталған» деп атап айтты, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.

Сыбайлас жемқорлықтың кеңінен таралу себебін елдегі әлеуметтік ахуалдың, халықтық құқықтық сананың әлі де болса төмен деңгейде болуымен, билік құрылымдарының жауапсыздығымен, заңнаманың тиісті деңгейде орындалмауымен байланыстырған департамент басшысы  бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсырған уақытта кіріс көлемімен қатар, шығын мөлшерін де көрсетіп отыратындығын мәлімдеді.

Сарапшылар мұндай әдістің мемлекеттік қызметте жариялылықтың қалыптасуына оң әсер беретінін айтады. Сонымен бірге, шенеунікпен тікелей қарым-қатынасқа шығуға асыққаннан гөрі, ақпараттық технология мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды. «Мұндай қадам кез келген категориядағы азаматқа  мемлекеттік қызметті қолжетімді етеді» дейді Марат Ахметжанов.

«Еуропа елдерінде, әлемнің өзге де мемлекеттерінде орын алып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарға, түрлі қиын жағдайларға қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасын жария етті. Аталған бағдарламаға орай Қазақ мемлекеті елімізде бұрын-соңды болмаған ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Сондықтан да, жасалған жұмыс сапалы, бөлінген қаражат мақсатты игерілуі керек», - деді Б,Ізмұхамбетов.

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика