Мәдениетті жаңғырту

Итальяндықтар «Астана Опера» труппасының өнерін бағалады (Фото)

Италиядағы «Астана Операның» Гала балеті демде өте шықты. Елордалық театрдың «Карло Феличедегі» гастролінің үшінші күнінде ине шаншыр жер болған жоқ.
Әлемде 25 Қаңтар, 19:43

Әлеумет әртістер билеген кезде олардың техникалық деңгейіне ғана емес, сондай-ақ актерлық шеберлігіне, ұлттық ерекшелікке таңдай қақты. Классикалық номерлермен қатар Галада, К. Күмісбековтің музыкасына қойылған Ғ. Бөрібаеваның хореографиясындағы «Биші қайың» және  Н. А. Тілендиевтің музыкасына қойылған З. Райбаевтың хореографиясындағы «Ата толғауы» билері бар. Итальяндық көрермен өздері үшін таңсық қазақ билерінің орындалуын үлкен қызығушылықпен қадағалап, жарқыраған костюмдерге көз тойдырумен болды, деп хабарлады «Астана Опера».

Гала балеттің бағдарламасын «Қыпшақтар биі» - А. Бородиннің «Игорь князь» операсынан көрініс аяқтады. Труппа барын салып биледі. Солисттер бірнеше мәрте тағзым етіп, гүлін жаудырған көпшіліктің әр номер сайын шапалағы толастаған жоқ. Концерттен кейін олар қолтаңбаларын таратып, баспасөз өкілдерімен жүздесіп жатты.

Итальяндық журналисттің, осынша күшті қайдан аласыз деген сұрағына Әйгерім Бекетаева жауап берді. – Мен балетті және барлық көрерменді жақсы көремін, солар үшін сахнаға қайта-қайта шыға бергім келеді. Ду қол шапалақ – бұл ең биік марапат. Осының барлығы мені кәсібіммен бұрынғыдан бетер белсенді айналысуға ынталандырады. Мен «Карло Феличе» сахнасында өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын, бұл екі мемлекет арасындағы мәдени алмасу деп білемін.

Таңданысын жасырмаған итальяндық Паоло Марино есімді көрермен «Астана Опера» труппасының сапары Генуя қаласы үшін шынымен де маңызды оқиға екенін атап өтті. – Біз бүгін кәсіби тұрғыда шыңдалған ұжымды тамашаладық деп есептеймін, қазір біз көбіне модернді тамашалайтындықтан, бұл бізде сирек қойылады, көптен бері сағынып жүрген классикалық балеттен біраз сусындадық. 

 





Яндекс.Метрика