Мәдениетті жаңғырту

«Астана Опера» балетінің әртістері итальяндық көрерменді таң қалдырды (Фото)

«Астана Опера» балетінің дарынды әртістері итальяндық көрерменді таң қалдырды. Екі жарым мыңды құрағанжергілікті және шетелдік әлеумет өз таңқалысын білдіріп, ұзақ шапалақ ұрды. Генуяда 21 қаңтарда «Спартак» балеттік спектаклінің алғашқы көрсетілімі орасан зор қошеметпен өтті, деп хабарлады «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
Әлемде 23 Қаңтар, 20:47

Эмоцияға берілген көрермен аямастан «браволарын» жаудырып, әрбір күрделі сүйеуден кейін ду қол шапалақ ұрып жатты. Сюжеттің қалай өрбігенін, әртістер шеберлігін мұқият қадағалап отырған көпшілік Бақтияр Адамжанға (Спартак) ерекше ықылас білдірді.

«Итальяндық балет сүйер қауым афишаны қалт жібермей қадағалап келгенін айтады. «Бұл екі шараны назардан тыс қалдыруға болмайды», - делінген хабарламада.  

Бүгін біз «Астана Опера» балеттік труппасы ұсынған бидің кереметтігінен шексіз ләззат алдық. Осы арқылы біз қазақ труппасының деңгейімен таныса алдық. Әртістердің техникалық мүмкіндігіне, олардың актерлық шеберлігіне тәнті болдық. Осы кештен кейін «Спартактың» әлі де өзекті екенін сенімді түрде айта аламыз. Біз 23 қаңтарда өтетін «Гала Балетке» де бармақшымыз, неге десеңіз, ұлттық балетті де тамашалаған өте қызық болып тұр, сонымен қатар жас балет труппасының ұлы классиктердің жауһарларын қалай орындайтынын да көрсек дейміз».

 «Карло Феличе» театрының арт директоры, маэстро Джузеппе Аквавива труппаның Генуяға келуі, қос театр арасындағы ынтымақтастықпен байланысты екенін атап өтті. – Бүгін генуялық театрдың оркестріне Айдар Әбжаһанов дирижерлық етті, ал хор маэстро Пабло Ассантенің жетекшілігімен өнер көрсетті. Қазақстандық труппаның бүгінде бізде өнер көрсетуі – мәдени ынтымақтастықтың көрсеткіші.

Аталған өнер ордасында әр жылдары өздерінің шеберлігін Испанияның Ұлттық балеті, Американың би театры, Пекиннің би академиялық ансамблі, Миландық балет, Гуанчжоу балетіндегі Марк Моррис би тобы сияқты жұлдыздар труппасы көрсеткен.

«Астана Опера» әртістерінің гастрольдік кестесі өте тығыз. Бес күннің төртеуінде техникалық және эмоциялық тұрғыдан күрделі балет – «Спартак» жоспарланған.

 





Яндекс.Метрика