Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысының саны азайды – ҚР ЖС

Бүгін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында Қ.Ә. Мәмидің төрағалығымен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» іске асыру аясында сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі бағыттары» атты тақырыппен Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңесі болып өтті.
Астана қаласы23 Қаңтар , 11:33

«Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Партиялық бағдарламаны бекіте отырып, жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген жойқын қатер екендігін айта келе, қоғам назарын осы мәселеге аударған болатын. Жемқорлықпен күрес – барша Қазақстан қоғамының маңызды міндеті. Сот төрелігінің мінсіз жүйесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатының шешуші құралы – құқық үстемдігін қамтамасыз ету жүйесінің негізгі діңгегі болып табылады», - деп атап өтті кеңестің ашылуында сөйлеген сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми.

Осы орайда, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қатысушылардың кеңейтілген құрамында талқылап, бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру шараларын айқындап алу жөнінде шешім қабылданды.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында сот корпусы қол жеткізген жетістіктер аз емес. Соның ең бастысы, қазақстандықтардың сотқа жүгінуге деген сұраныстарының тұрақты түрде қарқын алып отырғанына қарамастан, республика соттары сот төрелігін жүзеге асыруда құқық үстемдігін кәсіби лайықты деңгейде сақтауды қамтамасыз етіп келеді. Айталық, өткен жылы соттар 1 млн. 200 мыңнан астам істі қарады. Осы ретте шығарылған сот актілерінің 98,7% заңды әрі негізді болып саналады.

Өткен жылы судьялардың қызметіне қатысты азаматтар тарапынан түскен шағымдардың саны 253-ке немесе 5%-ға азайды. Сот Жюриінің судьяларға қатысты қараған істер саны 20%-ға, ал тәртіптік шара қолдану жөнінде іс қозғау жағдайларының саны 14,3%-ға азайды.

Судьялардың адамгершілік болмысы мен моральдік-әдеп нормаларын сақтауы, сондай-ақ Судьялық әдеп жөніндегі комиссия қызметін жаңғырту туралы Жоғарғы Сот судьясы, Судьялық әдеп жөніндегі комиссия төрағасы Н. Қайыпжан айтып өтті. Сот Жюриі жұмысының сот жүйесіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуының негізгі бағыттары мен нәтижелерін Жоғарғы Сот судьясы, Сот Жюриінің төрағасы М. Шегенов таныстырды.

Сыбайлас жемқорлық пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сот жүйесіндегі инновациялар туралы Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І. Испанов баяндады. Атап айтқанда, ол қазіргі таңда «Төрелік» деп аталатын сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жаңа жүйесін құру жұмыстарының аяқталғанына тоқталды. Орталықтандырылған архитектурадан тұратын бұл жүйе ақпараттық деректермен алмасуға жылдам қол жеткізуді, сенімділіктің жоғары деңгейін, статистикалық және талдамалық есептерді қалыптастыруда автоматтандырудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Жоғарғы Сот Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында Сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015 жылға арналған Кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Кеңесте айтылған барлық ұсыныстар аталған Жоспарға енгізілетін болады.

Көзделген шаралардың іске асуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға республика соттарының өз үлестерін қосуына, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуға және оның кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік жағдайын құруға мүмкіндік береді.   

 




Яндекс.Метрика