Қазақ хандығына 550 жыл

Хан сайлау қазақ қоғамында ұлық мереке ретінде аталып өткен – Күзембаев (Видео)

Қазақ қоғамында хан сайлау ұлыстың ұлықтайтын мерекелерінің бірі. Бұл сонау түркі дәуірінен бері жалғасын тауып келе жатқан дәстүр, деді Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Қайыржан Күзембаев.
Астана қаласы 23 Қаңтар, 16:05

«Қазақ қоғамында хан сайлау ұлыстың ұлықтайтын мерекелерінің бірі. Бұл сонау түркі дәуірінен бері жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Орта ғасырлық хан көтеру дәстүрі Рашид ад-Дин мен түркітанушы Левшин еңбектерінде кеңінен көрініс тапқан», - дейді ол. 

Оның айтунша, хан сайлау дәстүрі үлкен құрылтай түрінде өткен. Ол үшін алдымен жан-жаққа ат шаптырып сауын айтқан. Межелі күнде сайланатын ханға арнайы ақ шатыр тігіледі. Оның айналасына келген қонақтардың түсетін ақ үйлер тігіледі. 

«Әрине, хан сайланатын адам төре тұқымынан шығуы тиіс. Қарапайым халық хан бола алмайды. Сайлау басталған кезде екі үлкен қария ханды қолтықтап алып келіп, таққа отырғызған. Бұл хан сайлаудың бірінші рәсімі – таққа отырғызу. Екінші рәсім – «хан көтеру» деп аталады. Бұл кезде халық билігі мен хандығы адал, ақ болсын деген ниетпен ханды ақ киізге отырғызып ұлықтайды. Үшінші рәсімді «Алтын қылыш ұстату» дейді. Оның мағынасы, ханның қара қылды қақ жарған әділ болсын деген тілегінен туындаған. Екінші мағынасы, ханның ең бірінші кезекте әскер басы екенін ескерсек, онда жау алдында осы қылыштай өткір бол деген пиғыл жатыр», - дейді музей қызметкері. 

Осылайша хан сайланғаннан кейін халықтың асыға күтетін мерекесінің бірі – «Ханталапай» деп аталады. Онда ханды көтеріп сайлаған киіз бен хан киген ақ қамқа шапанды қара халық тілдей қылып жыртып, бөлісіп алатын болған.

Камила Амирова





Яндекс.Метрика