Парламент

Сенат «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын қабылдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы қабылданды.
Астана қаласы22 Қаңтар , 11:13

Комитеттің  қорытындысы бойынша, заң жобасы жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге, сонымен қатар мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне жас азаматтардың белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру мақсатында дайындалды.

Заң жобасында  мемлекеттік жастар саясатының қағидаттары, міндеттері мен тетіктері, мақсаттары белгіленген.

«Аталмыш заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының қағидаттары, міндеттері мен тетіктері, мақсаттары белгіленген.Мемлекеттік органдардың құзыреттері нақтыланды, мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру мен іске асырудың қосымша тетіктері анықталды. Жастар саясатының үш негізгі міндеті белгіленді. Нақты айтқанда, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту, азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін нығайту», - деді білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары белгіленген, атап айтқанда, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, денсаулықты сақтау және нығайту, жұмысқа орналастыру мен жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қарастырылған.

Сондай-ақ, айта кетерлігі, мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру және іске асыру тетіктері ретінде консультативтік-кеңес органдарының қызметі, республикалық және өңірлік жастар форумдары, жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтер, жастардың ресурстық орталықтарының қызметтері анықталды. Олардың жастар саясатын қалыптастыру және іске асыруға қатысуы жастар ұйымдарының қызметі, волонтерлік қызмет, білім мекемелері мен еңбек ұжымдарындағы жастардың өзін-өзі басқару органдарына қатысуы арқылы анықталып отыр.

«Заң жастар саясатының негізгі бағыттарын анықтайды. Сондай-ақ, жастар саясатын  жүзеге асырудың негізгі механизмдерін де нақтылайды. Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын қамтамасыз етеді. Заң жобасы сондай-ақ, жастардың консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатысуды да қамтиды. Сонымен қатар, жастардың волонтерлік қызметі де қарастырылды, олар әр түрлі іс-шараларға белсенді араласып, өзінің азаматтық ұстанымын таныта алады», - деді министр.

Индира Кауметова

 

 




Яндекс.Метрика