Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

Астана Индустриялды паркіне шамамен 6,9 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылды

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына шамамен 6,9 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылған, деп мәлімдеді «Астана – жаңа қала АЭА басқарма әкімшілігі» басшысының орынбасары Архат Саябаев Strategy2050.kz агенттігі тілшісіне берген сұхбатында.
Астана қаласы22 Қаңтар , 11:03

«Индустриялды паркте шетелдік компаниялардың қатысуымен 7 жоба іске асырылуда. Оған тартылған жалпы шетелдік инвестиция көлемі 6,9 млрд теңге. Атап айтар болсақ, инвесторлардың қатарында «ALSTOM» (Франция), ЗАО «ТрансМашХолдинг» (Ресей Федерациясы), Talgo Kazajstan S.L.(Испания), Aselsan Elektronik Sanayi ve Ticaret A.S.(Түркия), GE Transportation (АҚШ), «Трансмашдизель» (РФ), «СТС-Генподряд» (Украина), «Ipek Kagit Sanayi ve Ticaret A.S.» (Түркия) және JSC «Selena FM» (Польша) бар», - дейді А.Саябаев.

Оның айтуынша, 2002 жылдан бері АЭА аумағына тартылған жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асса, соның ішінде 40%-ы кәсіпорындардың өзіндік қаражаты, ал 35%-ы шет елдік инвестиция, қалған 25%-ы бюджет қаражаты.

Қазіргі таңда, өздеріңізге де белгілі, өтінім берілген 50 жобаның 21-і өндірісте іске қосылды. 17 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатса, 12-сі жобалау мен рұқсаттама құжаттарын рәсімдеу кезеңінде. Кәсіпорындарда шамамен 2290 жұмыс орны ашылды.

«2010 жылдан бері Индустриялды паркте жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар 328,1 млрд теңгенің өнімін өндірсе, соның ішінде 119,3 млрд теңгесі 2014 жылға тиесілі. Сонымен қатар, тауар экспорты 9,1 млрд теңгені құрады. Ал 2014 жылғы көрсеткіш 4,2 млрд теңге», - дейді ол.

«2015 жылы Индустриялды парк аумағында 6 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Толықтай жобалық қуаттылыққа шыққаннан кейін шамамен 1500 жаңа жұмыс орны ашылмақ», - дейді.

Анықтама:

«Астана – жаңа қала» АЭА аумағына кіретін Индустриялды парк аумағы 598 гектарды құрайды.  

«Астана – жаңа қала» АЭА 2001 жылы құрылған. Ондағы басты мақсат елорданың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын құру мен Индустриялды аймақта жаңа өндірістер ашу.

Оның салынуымен мемлекет үшін де, әлеуетті инвесторлар үшін де оң экономикалық әсер қамтамасыз етілді.

Камила Амирова




Яндекс.Метрика