Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев АҚШ Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Н.Назарбаев АҚШ Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы22 Қаңтар , 08:32

Әңгіме барысында Қазақстан-Америка қарым-қатынасының ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. 

Екі елдің көшбасшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарапының көзқарасы бойынша Украина, Ресей, Германия және Франция басшылары деңгейіндегі келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін осы мәселемен жеке өзі айналысып жатқанын айтты.

Қазақстан Президенті америкалық әріптесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын іздестіру ісіне мейлінше белсенді қатысуды өтінді.

Мемлекет басшысы Ресейге қатысты экономикалық санкциялар Орталық Азия өңіріне де ықпал етіп жатқанына тоқталды.

АҚШ Президенті Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынына Нұрсұлтан Назарбаевты сендіре отырып, бұл үшін бірінші кезекте Минск уағдаластықтарын орындау қажеттігін атап өтті.

Б.Обама сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне жұмсаған күш-жігерін жоғары бағалады және Мемлекет басшысының Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу ісіне белсенді атсалыса беретініне сенім білдірді.  

Телефон арқылы сөйлесуге Америка жағы бастамашылық етті.




Яндекс.Метрика