Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Жоғарғы Сотта соттар қызметінің тиімділігіне мониторинг жүргізу және оны бағалау бойынша ұсыныстар әзірленді - ЖС

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында Қ.Ә. Мәмидің төрағалығымен «Соттар қызметінің тиімділігін бағалау мониторингі» тақырыбында халықаралық семинар-тренинг болып өтті. Іс-шара Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлады Жоғарғы сот.
Астана қаласы21 Қаңтар , 18:49

Семинарға Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Бас прокуратура, Әділет министрлігі мен Судьялар Одағының өкілдері, облыстық және оған теңестірілген соттар төрағалары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (бұдан әрі – Департамент) басшылығы, сондай-ақ, БҰҰДБ тарапынан тренингке аталған ұйымның Қазақстандағы тұрақты өкілі Стивен Тулл және Сот органдарымен ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық консорциумның халықаралық сарапшы-кеңесшісі, Нидерланды Корольдігінің Қауіпсіздік және әділет министрлігінің сот саясаты мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Пим Альберс қатысты.    

 «Кез келген ұлттық құқықтық жүйенің алдында сот төрелігін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және оның сапасын бақылаудың тиісті жүйесін қалыптастыру секілді іргелі міндеттердің туындайтыны белгілі. Бүгінгі семинар осы саладағы жинақтаған білім мен шетелдік озық тәжірибенің негізінде ұлттық сот мониторингі жүйесін тағы бір рет пысықтап, оны жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми.

Тренинг аясында соттар қызметінің тиімділігін бағалаудың халықаралық тәжірибесіне, атап айтқанда, Нидерланды, Сингапур, АҚШ, Финляндияның және басқа елдердің тәжірибесі зерделенді, сондай-ақ соттар қызметін бағалаудың қазақстандық моделі таныстырылды.  

Халықаралық сарапшы Пим Альберс семинарға қатысушыларды сот қызметтерінің сапасын ұсыну стандарттарының халықаралық моделімен, соттар қызметі туралы әлеуметтік сауалнама жүргізу әдістемесімен және соттар жұмысының сапасын бағалау тәжірибесімен таныстырды.

Семинар қорытындысы бойынша соттар жұмысының сапасын бағалаудың қазақстандық моделінің тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленді.




Яндекс.Метрика