Адами капитал

Астананың 67 мыңнан астам оқушысы ғылыми-шығармашылық сайыстар мен олимпиадаларға қатысуда

Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков дарынды балалармен - елорда мектептерінің оқушылары, республикалық және халықаралық олимпиада, түрлі конкурстар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарымен кездесті.
Астана қаласы 21 Қаңтар, 17:03

Қала әкімдігі хабарлағандай, кездесу бейресми жағдайда өтті. Шараның тізгінін де оқушылар өз қолдарына алды.Жас физиктер, математиктер, информатиктер, архитекторлар, суретшілер, эколологтар мен спортшылар елорда басшысына өздерінің табыстары мен жетістіктері жайында әңгімелеп, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Ұмырбекова Аида, №6 гимназияның оқушысы, Оңтүстік Кореяда өткен «Жас ғалым» ғылыми жобалар конкурсының Гран-при иегері, «Үздік инновациялық еңбек» сыйлығының иегері, «Экоқала» жобасын таныстырды.

«Астана - менің қалам! Мен оның ең әсем, таза, жайнаған қала болғанын қалаймын. Менің жобам «Экоқала» деп аталады. Онда мен энергияны желден және күннен алу жолдарын қолдандым», - деді ол.

Қала әкімі жас көшбасшыларды қол жеткізген нәтижемен шектелмей, одан әрі алға басуға шақырды.

Біздің жастардың арасында Билл Гейтс сияқты инноваторлар, Абай Құнанбайұлы сияқты философтар, Қаныш Сәтбаев сияқты ғалымдар, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар жүруі мүмкін.

«Сендердің оқып, білім алуларың үшін, жетіліп, дамуларың үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес бірегей Оқушылар сарайы салынды, білім беру гранттарының саны артты, шәкіртақының көлемі ұлғайды, әлемдік деңгейдегі университет бой көтерді, интеллектуалды мектептер салынды, «Болашақ» бағдарламасы қабылданды, бұл бағытта әлі де қыруар жұмыстар жүргізіле беретін болады», - деді қала әкімі.

Бүгінгі таңда 67 мыңнан астам астаналық оқушылар түрлі деңгейдегі ғылыми-шығармашылық сайыстар мен олимпиадаларға қатысуда. Астана қаласының оқушыларынан құралған топ 7 жыл қатарынан бірінші орындар мен атақтарға ие болып келеді.

Оған қоса, жақында өткен О. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада біздің балалар математика мен физика, информатикадан жүлделі орындарға ие болды. Сендердің болашақтарыңның жарқын болуы - бұл қаламыздың, тұтас еліміздің болашағының жарқын болуы деген сөз.

Сөз соңында Ә. Жақсыбеков «Сендерге тек сәттілік пен жеңістер тілеймін!» – деп жас жеткіншектерге өз тілегін білдірді.





Яндекс.Метрика