Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

Д. Ахметов: «Азия авто» ЕАЭО кеңістігінде бәсекеге қабілетті автоөндірушіге айналуы тиіс (Фото)

«Азия авто» АҚ жұмысымен танысқан ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласының Согра кентіндегі ресейлік «АВТОВАЗ» ААҚ серіктестік негізінде салынып жатқан «Азия Авто Қазақстан» толық циклді автомобиль зауыты Еуразиялық Экономикалық Одақ кеңістігінде бәсекеге қабілетті кәсіпорынға айналуы тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан 21 Қаңтар, 12:23

Іске қосылса еліміздің ең ірі көлік кешендерінің біріне айналатын бұл зауыт автомобиль құрастыруда тұңғыш ресейлік-қазақстандық табысты кооперацияның мысалы болып табылады. «БИПЕК авто» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкиннің айтуынша, ағымдағы жылы іске қосуға жоспарланып отырған зауытта жылына 120 мың автокөлік шығарылады.

«Қазіргі уақытта «Азия авто» АҚ Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің 17 % өндіреді. Республиканың 27 қаласындағы компания филиалдарында 5847 адам жұмыспен қамтылған. Ал жаңадан салынатын автокөлік зауыты әлеуетімізді арттыра түспек. Әрине, ресейліктермен серіктестік аясында біз өз шарттарымызды алға тартатын боламыз», – деді А. Балушкин.

Кеңес төрағасын тыңдаған аймақ басшысы авто зауыт құрылысына облыстық әкімшілік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

«Жаңадан салынатын авто зауытта 12 мың жұмыс орны ашылатын болса, бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне үлкен серпін бермек. Бұл кезекте ең бірінші автокөліктердің сапасына баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ, көлік құрастыруда отандық үлесті арттыруға мән беру керек. Бір сөзбен айтқанда, «Азия авто» АҚ Қазақстанда ғана емес, ЕЭО кеңістігінде бәсекеге қабілетті автоөндірушіге айналуы тиіс», – деді облыс әкімі.

 





Яндекс.Метрика