Халықаралық интеграция

Манамада Қазақстан мен Бахрейн арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бахрейн Корольдігі астанасы Манама қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігінің, Бахрейн Корольдігі Сауда-өнеркәсіп палатасының, Экспорт және инвестициялар жөніндегі «KAZNEX INVEST» ҚР Ұлттық агенттігінің ынтымақтастығымен Қазақстан-Бахрейн бизнес форум өтті, деп хабарлады СІМ.
Әлемде30 Желтоксан , 10:48

Форумға Бахрейннің мұнай-химия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мейманхана бизнесі, қаржы және инвестициялар салаларындағы жетекші компаниялары қатысты.

ҚР Бахрейндегі Елшісі Б. Батыршаев кездесуді ашып, аталған форум 2014 жылғы сәуірдегі екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі Бахрейн монархының Астана қаласына жасаған сапары барысында қол жеткізілген Қазақстан Президенті Н.Назарбаев және Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа арасындағы келісім шеңберінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Форумда Бахрейннің бизнес қоғамдастығына Қазақстан туралы және оның экономикалық, саяси жетістіктері, сондай-ақ индустриализациялау бағдарламалары мен еліміздегі инвестициялық климат туралы презентация ұсынылды.

Бахрейн бизнесінің өкілдеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктерінің тарихы және бизнес жүргізудің мүмкіншіліктері, ҚР Үкіметінің мемлекетті модернизациялау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының көлемі, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық ынталандырма жүйесі зор әсер қалдырды.

Форум қорытындылары бойынша «KAZNEX INVEST» және ҚР инфрақұрылымдық жобаларына қатысуға қызығушылық білдірген бахрейндік аса ірі компаниялардың бірі - «Petroleum Development Services» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, металлургия, исламдық банкинг, тоқыма өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірген бірнеше бахрейндік компаниялар тобының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бахрейннің сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстанда және Манамада осындай бизнес-форумдарды жыл сайын өткізуге ниет білдірді.




Яндекс.Метрика