Адами капитал

БҚО әкімі жергілікті ардагерлерге Елбасы құттықтауын жеткізді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан майдангерлерді Жаңа жылмен құттықтап, мерекелік сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды облыстың ішкі саясат басқармасы.
Батыс Қазақстан30 Желтоксан , 10:18

«Өңір басшысы Ұлы Отан соғысына қатысқан батысқазақстандық белгілі тарихшы-ғалым Павел Букаткиннің үйінде болды. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, 6 монография, 100-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектердің авторы биыл 91 жаста. Соғыста алдымен взвод, кейін 96-шы атқыштар полкінің командирі болған майдангер Орталық, Беларусь, Бірінші және Үшінші Украин майдандарында болып, жеңісті Прагада қарсы алған. Ерлігі үшін үш бірдей Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған», - делінген хабарламада.  

Өңір басшысы Елбасы құттықтауын жеткізу мақсатында бірқатар ардагерлердің үйіне арнайы барды. Атап айтар болсақ, олар Сталинград үшін шайқаста ерен ерлігімен танылған Мұхтар Әжіғұлов, радист ретінде Сталинград, Курск иініндегі, Прага түбіндегі шайқастарға қатысқан Лидия Губанова, Украина, Польша, Чехословакия жерлерімен жүріп өтіп, «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған Иван Гапич пен Бисен Жұмағалиев.

«Облыс, қала, аудан әкімдері барлық ардагерлерге ықылас-ниеттерін көрсетіп, Жаңа жылмен құттықтап жатырмыз. Бұл бір күндік шара емес. Соғысқа қатысқандарға күнделікті қамқорлық көрсетуіміз керек. Бұған Елбасы үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Өз атынан барлық ардагерлерді құттықтап, барлық әкімдерге менің атымнан құттықтауымды жеткізіңіздер деген тапсырма берген болатын. Облыста тұратын 267 Ұлы Отан соғысы ардагеріне Елбасының жеке құттықтауын жеткізіп жатырмыз, - деді облыс әкімі. 

Президент сыйлықтарын табыс ету өңірде одан әрі жалғасуда.




Яндекс.Метрика