Алматыда қуаттылығы тәулігіне 125 мың текше метр жаңа сүзгіш станциясы ашылды

Алматыдағы бас тазарту ғимаратында жаңа сүзгіш станция іске қосылды. Бұл станцияның өндірістік қуаты жоғары, ол тәулігіне 125 мың текше метр суды сүзгіден өткізеді, әрі толық автоматтандырылған, деп хабарлады қала әкімдігі.
Нұр-Сұлтан30 Желтоксан , 09:16

Мегаполис басшысы Ахметжан Есімов жаңа нысанның ауыз судың сапасын арттыратындығын, қаланың оңтүстік бөлігін сумен үздіксіз қамтамасыз ететіндігін, электр энергиясын және су көздерін пайдалануды азайтатындығын айтты.

«Алматылықтарды сапалы сумен қамтамасыз ету үшін қалада көптеген шаралар жүзеге асуда, соңғы жылдары бұл іске 30 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында игі нәтижеге қол жетті, апат 1,5 есеге, су шығыны екі есеге азайды. Соңғы жылдары 300 км жаңа желілер салынды, ал жалпы қала бойынша желінің ұзындығы 2700 км. Бұл - Алматы мен Атыраудың арасы. Байқаған шығарсыздар, қандай ауқымды жұмыс», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Айта кетейік, жаңа іске қосылған сүзгіш станция 1949 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан 1-ші кезектегі станцияны алмастырады.  Су сапасы күніне 1000 реттен астам тексеріледі.

Негізгі су тазарту нысандары – Алматыдағы ірі су тазарту кешені болып табылады, соның арқасында қалаға 32 пайыз сапалы ауыз су үздіксіз беріліп келеді.




Яндекс.Метрика