Мәдениетті жаңғырту

Қазақстан суретшілерінің туындылары шетелде үлкен сұранысқа ие – Халық әртісі

Қазақстан суретшілерінің туындылары шетелде үлкен сұранысқа ие, деп мәлімдеді бүгін Қазақстан Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, «Шабыт» өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева.
Астана қаласы29 Желтоксан , 14:48

«Қазақстанның классикалық өнері, соның ішінде «Астана Опера» опера және балет театры ұжымының орындауындағы вокал, балет, сонымен қатар скрипка, фортопианосы әлем халықтарының қызығушылығына ие. Одан бөлек драма театры ұжымдары бірқатар мемлекеттерде қазақ драмматургиясын өз деңгейінде таныстыра білді. Ал отандық суретшілердің туындылары шетелдерде үлкен сұранысқа ие», - деп мәлімдеді А.Мұсақожаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық эстрада жанры анау айтқандай жоғары деңгейде бәсекелестікке ие емес. Cонымен қатар қазақстандық киноиндустрия саласы да үлкен жаңалықтар мен бастамаларды қажет етеді.

«Бүгінгі таңда елімізде киноиндустрия саласындағы, соның ішінде режиссерлер мен арнайы мамандығы бар операторлар, балетмейстерлер, театр режиссерлерінің тапшылығы байқалады. Осы орайда «Қазақстан-2050» Стратегиясында да өнердің дамуына үлкен назар аударылған. Бір айта кетерлігі, өнердің дамуы тек шығармашылық дарынмен шектелмейді, өнердің бүгінгі күнгі бәсекелестігі бірінші кезекте жоғары білімге байланысты. Өнер иесінің дарыны басты іргетас десек, оның ары қарай шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуы оның алған білімі мен еңбегінің жемісі», - дейді ректор.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Халық әртісі, «Шабыт» өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева Елбасының қолынан Еңбек ері жоғары наградасын алған болатын. 

Бауыржан Мұқанов




Яндекс.Метрика