Адами капитал

ШҚО ардагерлері Елбасының құттықтауына ие болды (Фото)

Қазақстанда өтіп жатқан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі ТМД елдерінде баламасы жоқ бірегей акция аясында шығысқазақстандық ҰОС ардагерлеріне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа жылдық құттықтауы табысталып, мерекелік сый-сияпат жасалды, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан 29 Желтоксан, 11:48

Елбасының ардагерлерге деген ықыласына тәнті болған қария Мемлекет басшысының Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңындағы жаңа жылдық құттықтауына алғысын жеткізді.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері Қабду Карменовтың үйіне барып, 97 жастағы ардагер-қарияны құттықтады. Марқакөл ауданында дүниеге келген ардагер соғысқа дейін ауылдық Кеңестің хатшысы қызметін атқарған.

 Соғыс кезінде Белоруссия, Украина даласында майдангер болып, Берлинге дейінгі жолды жүріп өткен. Елге оралғаннан кейін АӘД сабағынан тәлімгер болып бастап, Боран совхозында басшылық еткен. Қабду қария соғысқа қатысқаны үшін І дәрежелі Отан соғысының Ордені және «Германиядағы Жеңіс үшін» медалімен бірге, бейбіт өмірде атқарған жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісімен» және Ленин Орденімен марапатталған. Жұбайы 94 жастағы Зәкен Сахановамен бірге 10 баланы тәрбиелеп өсіріп, 22 немере, 4 шөберенің қызығын көріп отыр.

«Жалғыз 9 мамырда ғана емес, әрдайым Елбасының назарында болғанымыз бізді шын жүректен қуантады», – деді ардагер қария.

Осыдан кейін өңір басшысы соғыс ардагерлері Татьяна Пименова, Дмитрий Москальцов, Надежда Колобованың үйіне барып, Елбасының құттықтауын табыстады. Құттықтау хатпен қатар, ардагерлердің барлығына Елбасының өмірбаяны туралы кітап, мерекелік дастарханға арналған себет толы сый-сияпат пен «айпад» табыс етілді.

Облыс әкімімен болған сұхбат барысында ардагерлер Мемлекет басшысына деген құрметтің ерекше екенін айтып, жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын білдірді. «Көшбасшымыздың ардагерлерге көңіл бөліп, арнайы құттықтау жолдап отырғаны бізді ерекше тебірентті. Көп ұлттың басын біріктіріп, бірегей мемлекет құрып отырған Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерлікпен пара-пар. Біз Елбасымызға шексіз алғысымызды білдіреміз», − деді Дмитрий Москальцов.

Бұдан өзге облыс әкімінің орынбасарлары мен қала, аудан әкімдері өңірдің барлық аудандары мен қалаларында тұратын 642 ардагердің шаңырағына барып, Елбасының мерекелік құттықтауын табыстады.





Яндекс.Метрика