Инфрақұрылымның дамуы

Қызылорда облысында Мия зауыты ашылды

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында мия өсіру және тамырын өңдеу зауыты ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қызылорда29 Желтоксан , 10:18

«Жалпы құны 2 402,0 млн. теңгені құрайтын «БИС-Групп» ЖШС-нің «Қызыл  мия өсіру және тамырын өңдеу» инвестициялық жобасы алдағы уақытта 156 адамды тұрақты жұмыспен және 500 адамды маусымдық жұмыспен қамтитын болады», - делінген хабарламада.

Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 6000 тонна мия тамыры өңделіп, мия өсімдігінің экстрактысы, мия өсімдігінің кремі, глициризин қышқылының ұнтағы, полисахарид, флавоноид секілді 5 түрлі компонент алынады. Зауытты салатанатты түрде іске қосқан аймақ басшысы кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.

«Бұл зауыт республика көлеміндегі теңдесі жоқ өндіріс орны. Аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қосып, әрі әртараптандыруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Шикізат өңірде жеткілікті. Қазірдің өзінде 27 шаруашылықпен келісім жасалған. Бұған қоса, «БИС-Групп» ЖШС 10 мың гектар жерге мия тамырын екті. Жалпы, облыста 80 мың гектар алқапта қызыл мия қоры бар. Қызыл мия мен оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органикалық қышқылдар, минерал тұздары бар.

Осы қасиеттеріне байланысты олар медицинада, тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Қызыл мия­ның тамыры бірнеше ауруға ем, дертке дауа екендігі әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан бұл кәсіпорынның болашағы зор.

 




Яндекс.Метрика