Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы

БҰДСЖ аясында 2014 жылы денсаулық сақтау саласына 20 млрд теңге бөлінді

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекова Тараз қаласында бірқатар медициналық ұйымдарда: Кардиохирургия және трансплантология ғылыми орталығында, қалалық №6 және №8 емханаларда, облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталықта болды, деп хабарлады денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
Жамбыл29 Желтоксан , 09:31

Медициналық қызметкерлермен және науқастармен кездескен Салидат Қайырбекова Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларына сай еліміздің денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған міндеттер туралы әңгімелеп, өңірдің медициналық қауымдастығын толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді.  

Қалалық балалар ауруханасы базасында Бірінші вице-министр медициналық-санитариялық алғашқы көмек мәселелеріне арналған кеңес өткізді.

С.Қайырбекова «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ағымдағы жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДСЖ) амбулаториялық деңгейде енгізу басталғанын атап көрсетті. Яғни, бұған дейін «ақша науқаспен бірге жүреді» қағидасын іске асырудың арқасында науқастар жоспарлы емделу үшін ауруханаларды өздері таңдаса, енді бұл қағида емханалар деңгейінде жұмыс істей бастады. Емханаларды қаржыландыру қағидалары өзгеруде. Егер бұған дейін олар шығын сметасы бойынша қаржыландырылса, енді қаражат емханаға тіркелген әрбір науқасқа бөлінеді. Нәрестелер өлімін төмендету, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау сияқты т.б. индикаторларға қол жеткізген жағдайда мекеме қосымша ынталандыру қаражатына ие болып, ол телімдік дәрігерлердің жалақысын арттыруға бағытталады. 2014 жылы бұл мақсатқа 20,3 млрд. теңге бөлінді. «БҰДСЖ енгізу өңірлерде денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды түзетуге мүмкіндік берді»,-деді С.Қайырбекова.     

Медициналық мамандардың жетіспеушілігі мәселесіне қатысты Салидат Қайырбекова Қазақстан дәрігерлермен қамтамасыз ету жағынан әлемде 10-шы орынды алатынын алға тартты. Дегенмен, дәрігерлер мен мейіргерлер арасындағы диспропорцияны түзету керек. «2-ші және 3-ші мейіргер лауазымдарын енгізудегі мақсатымыз дәрігерлерді қосымша жұмыстардан босатып, олардың науқастарға көбірек көңіл бөлуін қамтамасыз ету»,-деді.  

Сондай-ақ, Бірінші вице-министр мамандар жетіспеушілігін шешуде жергілікті атқарушы органдар белсенді қатысуы керектігін, Министрлік өңірлерге жіберген мамандарға әлеуметтік жағдайлар жасалып, баспанамен қамтамасыз етілуі  тиіс деді.

Қазақстанда жалпы тәжірибе дәрігерлерінің саны артып, 2013 жылы 39% жетті.  Республиканың 2 өңірінде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы бойынша екі қанатқақты жоба іске асырылуда. Жоба нәтижелеріне қарай оны барлық өңірлерде енгізу жоспарланып отыр. 

Айта кету керек, халықаралық сарапшылар БҰДСЖ іске асыру нәтижелеріне «өте табысты» деген баға берді.  




Яндекс.Метрика