Адами капитал

Жамбыл облысында ҰОС ардагерлері ҚР Президентінен құттықтау алды (ФОТО)

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы Ұлы Отан Соғысының 254 ардагерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Жамбыл 28 Желтоксан, 12:32

«Облысымызда 2000 жылы 12 мың соғыс ардагері бар болса, қазіргі таңда оның 256-сы ғана аман-есен. Оның ішінде өзіңіз ел-жұртқа сыйлы, қадірлі, жасы үлкен қариямызсыз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сізді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен және алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап отыр. Соны құрметпен табыстау үшін үйіңізге арнайы келдім, – деген облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы ардагерге Елбасының Құттықтау хаты мен сый-сияпатын ұсынды.

Ұлы Отан соғысында Мәскеуден бастап, Солтүстік Кавказ, Украина, оның ішінде Киев, Житомир, Львов қалаларын, Польша, Чехословакия, Венгрия, Румыния жерлерін басқыншылардан азат етуге атсалысқан Уәтай аға өз кезегінде ел үшін ерен тірлік тындырып жүрген Елбасына зор денсаулық, еліне амандық тілеп, ақжарма ниетін арнады.

«Нұрсұлтан Әбішұлының халқының әл-ауқатын жақсарту бағытында сіңірген еңбегі орасан. Біз оның қайраткерлігін, даналығын бағалай білуіміз керек. Елін салиқалы саясатымен алға бастап келе жатқан Президентімізге әрқашанда тілеулес болып, игі мақсат-мұраттарды жүзеге асыруға бәріміз жұмыла атсалысуымыз қажет» – деді бес баласынан 6 немере, 9 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.

Бұдан кейін облыс әкімі соғыс ардагерлері – 92 жастағы Халиулла Дармахановтың, 89 жастағы Виктор Карпасовтың және Александра Кичигинаның үйлеріне бас сұқты. Оларға да ел Президентінің Құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыс етті.

Сонымен қатар, Тараз қаласының әкімі Н.Календеров Ұлы Отан соғысы ардагерлері Беляеева Анна Павловная, Егембердиев Садыкбек, Бердибаев Мусахан, Ережепбаев Муталип және Бужиков Мухан Толыбаевичті құттықтады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ең басты айтқаны – елдің амандығынан, бейбіт өмірден асқан бақыт жоқ.

«Өзге елдерде тыныштық кетіп тұрған заман болғанда, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген көшбасшылығы арқасында Қазақстанымызда бақытты ғұмыр кешудеміз. Еліміздің өркендеуі жолында барша азаматтарымыз Елбасына қолдау көрсетіп, мемлекетіміз әлемде алдыңғы орынға шыға берсін» деп жылы лебіздерін білдірісті ардагер қарияларымыз.





Яндекс.Метрика