Өңірлер

Алматыда ШОБ-ті дамыту мәселесі талқыланды

Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалық етуімен Іскерлік Кеңестің осы жылғы қорытынды отырысы болып өтті, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Алматы қаласы28 Желтоксан , 12:03

Отырыс барысында қоғамдық тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету саласында шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру; Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі жобасы бойынша мәселелер; Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» №757 жарлығы аясында шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге қойылған мораторий нәтижелері мен 2015 жылдан бастап тексеру жүргізу бойынша бақылау-қадағалау органдарының одан әрі жасалатын әрекеттері талқыланды.

Қала басшысы Алматы қаласы экономикалық дамуының оңтайлы көрсеткіштерін атап өтіп, еліміздің жалпы ішкі өнімінің ең үлкен үлесі, яғни 20%-ы және салықтың 27%-ы Алматыға келетінін баса айтты. Биыл тұңғыш рет жалпы аймақтық өнім 8 триллион теңгеден асады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,3%-ға артық. Шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны өсіп, 115 мыңды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15%-ға артық. Ахметжан Есімов шағын және орта бизнестің барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы белсенді рөлін атап өтті.

«Алматы қаласындағы бизнес қауымдастықтың шынайы қолдауды сезінгені өте маңызды. Қоғамдық тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету салалары Алматы экономикасының 30%-н құрай отырып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына кірмей қалды. Сондықтан бірлескен бастамамен Алматы қаласы әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ арасында жеке кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы бойынша меморандумға қол қойылды. Жергілікті бюджет пен «Даму» қорынан осы салаларды несиелендіру үшін 2 млрд. теңгеден барлығы 4 млрд. теңге бөлінеді», - деді Ахметжан Есімов.

Әкім 2014 жылдың қазан айында өткен ІІ Алматы инвестициялық форумының аясында тартылған қаражаттың жалпы көлемі 560 млн. АҚШ долларын (101 млрд. теңге) құрағанын атап өтті. Алатау ауданы Индустриалды аймағы жобасын жүзеге асыру басталды. Бүгінгі күні сомасы 231,1 млрд. теңге болатын 28 жоба мақұлданды.

Елбасы өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікке Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 100 млрд. теңге бөлді. Қала басшысы Алматының аталған жобаны іске асыруға белсенді қатысқанын атап өтті. Жоба арқылы сомасы 10,6 млрд. теңге 45 жоба қаржыландырылды. Аталған қаражатты игерудегі қаланың үлесі 11% болды. 2014 жылы 23 мың жұмыс орны құрылды.

Қорытындылай келе Ахметжан Есімов бірқатар тапсырмалар берді, атап айтсақ, Алматы қаласы Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және ауылшаруашылығы басқармасына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ-мен бірлесіп 2015 жылдың қаңтар айының соңына дейін несиелік келісімнің жобасын жасап ұсынуды; Алматы қаласы аудан әкімдеріне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ-мен бірге кәсіпкерлерді ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру шарттары туралы ақпараттандыру және түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша мемлекеттік табыстар департаменті ҚР Үкіметіне Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі жобасы аясында, бизнес жүргізуді оңайлату, әсіресе тауар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау кезінде құжаттарды талап етуді жеңілдету мәселелері бойынша ұсыныстар енгізетін болады.

Сөз соңында әкім бүгін қабылданған шешімдер Алматы қаласы кәсіпкерлігінің одан әрі қарқынды дамуына алғышарт болатынын айтты.




Яндекс.Метрика