Өңірлер

ЖҚЖК аясында Атырау облысында жылыжай ашылды

Атырау облысында екі гектар жерге голландия технологиясымен 500 тонна көкөніс өсіріледі. «Жұмағалиев» шаруа қожалығының екінші жылыжай кешені пайдалануға берілгеннен кейін осындай өндірістік көрсеткіш байқатып отыр. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен өткен нысанның ашылу салтанатында белгілі болды.
Атырау25 Желтоксан , 19:11

Облыс әкімі жаңа жылыжай жұмысымен танысып, қызметкерлермен әңгімелесіп, кәсіпкерліктің даму болашағы туралы мәлімет алды. Онда басты назар жаңа технологиялар енгізуге аударылған. «Халыққа жергілікті көкөніс қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта коммуналды базар ашып, онда осы тауарлар саудаланатын болады», - деді әкім.

Осыған орай шаруа қожалығы басшысы Өтеміс Жұмағалиевке кадр қорын кеңейтіп, аталмыш базарда өнім сатуға дайындалуды тапсырды.

«Аталмыш жоба 350 млн теңгені құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 280 млн теңге несие алып, қалған қаражатты қалтамыздан шығардық. Жалпы қазіргі таңда бізде 30 қызметкер еңбек етуде. Олардың жалақылары шамамен 60-70 мың теңге. Қазіргі таңда басты сату нарығымыз жергілікті сауда орындары мен апта сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкелері. Онда қиыр 250-270 теңгеге, бұрыш 400 теңгеге көтерме бағамен сатылады. Жылдық шығым көлемі қазіргі таңда 500 тоннаны құрап отыр. Алдағы уақытта өнімді Ресейге сатуды көздеп отырмыз», - дейді кешен басшысы.

Жылыжай кешенінде арнайы өсімдікті биологиялық сақтау жүйесі бар. Ол улы химикаттардан толықтай сақтайды.

Облыстың ауыл шаруашылық басқармасы жетекшісі Серік Сәрсекеновтың айтуынша, облыс бойынша жалпы ауданы 9,5 гектар жерге өз шаруаларын дөңгелетіп отырған 19 шаруа қожалығы бар. Келер жылы олардың қатарына тағы 3 гектар жылыжай кешені қосылмақ. Оның құрылысы Жылыой ауданында «ТШО» ЖШС тарапынан қолға алынады.




Яндекс.Метрика