Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Қ.Мәми: Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау мәселесі сот жұмысында басымдыққа ие болуы керек

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының кезекті жалпы отырысында Жоғары сот органының төрағасы Қайрат Мәми қатысушылардың назарын Жоғарғы Сот қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде норма шығармашылық қызметке аударды, деп хабарлады ведомство.
Нұр-Сұлтан25 Желтоксан , 11:07

«Жалпы отырыс сот төрелiгiн iске асыруы кезiнде республика соттарының заңдылықты сақтау мәселелерiн қарайды, сот практикасын зерделеу мен жинақтаудың қорытындылары бойынша нормативтiк қаулылар қабылдайды, сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрмелер береді және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi. Дәл осы функциялар біздің жұмысымызда басымдыққа ие болуы тиіс», - деді Қ.Мәми.

Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен Қылмыстық заңның және қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделіне, жетілдірілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға және қылмыстық жазаларды атқару жүйесіне көшу жөніндегі бірыңғай мемлекеттік іс-қимыл жоспарына сәйкес, Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодекстердің жаңа редакцияларының қабылдануына байланысты Жоғарғы Сот нормативтік қаулыларға мониторинг жүргізуді аяқтады.

Жоғарыда аталған жұмыстың қорытындысы бойынша жалпы отырыста азаматтық-құқықтық, қылмыстық-құқықтық және әкімшілік құқықтық қатынастардың жекелеген салаларындағы заңнаманы қолдануға қатысты қаулыларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын нормативтік қаулылар қаралып, қабылданды.

Атап айтқанда, сот билігі туралы заңнаманы қолдану, сот ісін жүргізу ашықтығы қағидатын сақтау, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен айыру туралы заңнаманы қолдану, соттардың алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер бойынша іс жүргізуді реттейтін заңнаманы қолдану және басқа да мәселелер бойынша түзетулер енгізілді. Заңнаманың жаңартылуына байланысты бірқатар нормативтік қаулылардың заңдық күші жойылды деп танылды.

Жоғарғы Сот Мемлекет басшысының Судьялардың VI съезінде Сот жюриі қызметінің басымдылығын қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында Сот жюриі регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Жоғарғы Соттың жалпы отырысы президиумының регламенті бекітілді.

«Қ.Мәми Президиум сот қызметін жетілдіру жөніндегі шараларды іске асырудың жаңа тәсілдерін қамтамасыз ететіндігіне сенім білдіріп, Президиум мүшелерін тиімді және нәтижелі жұмыс атқаруға шақырды», - делінген хабарламада. 




Яндекс.Метрика