EXPO-2017

Павлодарлық кәсіпорындар ЭКСПО-2017 құрылысына қатысуға мүдделі

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Ермегияев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Ұлттық компания басшысы Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесіп, аймақтағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың көрмесін аралап көрді, деп хабарлады Ұлттық компания.
Павлодар23 Желтоксан , 18:34

«ЭКСПО-2017 нысандарын салатын бас мердігерлер мен павлодарлық тауар өндірушілері арасында ынтымақтастық туралы тоғыз меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, астаналық «Mabco construction s.a.» құрылыс фирмасы және павлодарлық қара және түсті металдардан түрлі өнімдер шығаратын «Кастинг» болат құю зауыты өзара әрекеттесу туралы келісті. Сондай-ақ, ЭКСПО нысандар құрылысының бас мердігері «Базис ҚК» компаниясы «ҚазБитумҚызмет» (жабындық және су өткізбейтін материалдар өндірісі) және «МВИ зауыты» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды», - делінген хабарламада.

Дәл осындай келісімге ұлттық компанияның бас мердігері «АБК Құрылыс-1» және павлодарлық «Стирол» компаниясы (пенополистиролды тақталарды шығару), «Қазэнергокабель» (сым-өткізгіш өнімдер өндірісі) отырды. Елордалық «МагАстана – Транс» компаниясы «ҚазБитумҚызмет» зауытымен, «ТрестСАЭМ» АҚ компаниясы «Қазэнергокабель» компаниясымен және «САЭМ МҚЗ» металл құрылмалары зауытымен өзара әрекеттестік туралы мәмілеге қол қойды. «Сембол» құрылыс компаниясы «Ремстрой» ЖШС-мен (бетонды және бордюрлық сымды, аяқжол тақталарын дайындау) ынтымақтасу туралы келісті.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы Талғат Ермегияев өз сөзінде Павлодар облысы еліміздің инфрақұрылымы дамыған мықты өнеркәсіптік орталығы болып табылады және елордаға жақын орналасқан өңірлердің бірі екенін ерекше атап өтті.

Бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарының тауар өндірушілерімен Халықаралық көрмеге дайындыққа аймақтық бизнесті тарту туралы мәмілелерге қол қойған. Оның мақсаты -  «ЭКСПО-2017»  көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық жоспарды жүзеге асыруға жан-жақты көмек және қолдау көрсету үшін күш жұмылдыру, сондай-ақ, Қазақстанның әрбір аймағында көрмені насихаттау.

Отандық тауар өндірушілерімен меморандумдарға қол қоя отырып, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы ел аймақтарын ең ірі жобаны дайындауға тартуға ниетті. Осылайша, компания Астанадағы көрме кешенінің құрылысына қажетті материалдардың өндірісімен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілерін жұмыспен қамту туралы Елбасының тапсырмасын орындауда.




Яндекс.Метрика