Инфрақұрылымның дамуы

Атырау облысы Томан ауылында 80 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік мекеме табиғи газбен қамтылды

Төрт жүзден астам тұрғыны бар Атырау облысының Томан елді-мекеніне ұзындығы 27 шақырым газ құбыры тартылған. Құрылыс жұмысына жергілікті бюджеттен жалпы құны 192,206 млн. теңге бөлінген болатын, деп хабарлады әкімдік.
Атырау23 Желтоксан , 19:04

Жалпы, Исатай ауданында 16 елді мекен бар болса, оның тоғызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Енді оныншы елді мекен – Томан селосына да табиғи газ желісі жетті.

Төрт жүзден астам тұрғыны бар Томан елді мекеніне ұзындығы 27 шақырым газ құбыры тартылған. Айта кетсек, Атырау-Астрахан тас жолы бойында орналасқан елді мекен жыл сайын көркейіп келеді.

Ауыл басқа инфрақұрылымдық жүйелермен – сумен, жарықпен қамтылған. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында екі шақырым су құбыры жүргізіліп, ауылға таза ауыз су да жеткізілді.

Ауыл тұрғындарын бұл қуаныштарымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин құттықтап, «көгілдір отын» алауын салтанатты түрде жақты. 

«Осыдан бір жыл бұрын ауданға келгенде томандықтар «көгілдір отын» мәселесін көтерген болатын. Содан елді мекенді табиғи газбен қамтуды уәде еткенмін. Енді бүгін, міне, қуаныштарыңызға ортақтасып тұрмыз. Болашақта бұл ауыл көркейіп, үлкейе түсетін болады. Сондықтан, ауылға кіре беріс жолға асфальт төсеу керек деп есептеймін. Оның жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауды аудан әкімдігіне тапсырамын», - деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.                 

 

 




Яндекс.Метрика