Парламент

Қазақстандықтар Еуропаға Беларусь арқылы жүк тасымалдай алады - Сенат

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында«2004 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 22 Желтоксан, 11:49

«Хаттама 2013 жылғы 25 сәуірде Минск қаласында жасалған болатын.Құжат Қазақстан мен Беларусь арасында, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен жүктерді тасымалдау үшін автокөлік құралдарына рұқсатсыз өтуді белгілеуге бағытталған», - делінген хабарламада.

Заң жобасын қабылдау отандық тасымалдаушыларға Беларусь Республикасының аумағы арқылы Еуропаға бөгетсіз транзитті тасымалдар жасауға мүмкіндік береді.

Одан басқа, Хаттаманың ережелерін қолдану Қазақстан тарапы үшін пайдалы болып табылады, өйткені қазіргі уақытта екіжақты және транзиттік тасымалдар тараптар жыл сайын шектеулі мөлшерде алмасатын рұқсат бланкілері негізінде жүзеге асырылады.

Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықаралық теңіз ұйымының аудитінен өту мәселелері бойынша өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы Халықаралық теңіз ұйымының аудитінен өту үшін Теңізшілерді даярлау мен диплом беру және вахта жұмысын атқару жөніндегі халықаралық конвенция ережелерін іске асыруға, сондай-ақ теңізде жүзу, кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету және оларға навигациялық қызмет көрсетуі мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталып әзірленген болатын.

Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Мәселен, заң жобасының ережелерімен Каспий теңізінің қазақстандық секторында навигациялық орталық құру кемелер қозғалысын бағдарлауға және басқаруға жәрдемдесетін болады. Одан басқа, теңіз көлігі саласы бойынша мамандар даярлайтын қазақстандық оқу орындары түлектерінің дипломдарын халықаралық деңгейде тану мәселесіне құқықтық негіз жасалады.

 

 





Яндекс.Метрика