Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

Нұрсұлтан Назарбаев Монаконың дамуы таныстырылымына қатысты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Монакоға ресми сапары аясында Князьдіктің урбанистикалық және қаржылық дамуының таныстырылымына қатысты
Әлемде28 Қыркүйек , 10:35

Таныстырылым барысында Мемлекеттік министр М.Роже, Экономикалық даму және қаржы министрі М.Кастелини, Әлеуметтік мәселелер мен денсаулық сақтау министрі С.Валери, Қоршаған ортаны қорғау және қала құрылысы министрі М.П.Грамалия Мемлекет басшысына тиісті саланы дамытудың жай-күйі мен келешегі туралы ақпаратты, атап айтқанда, Грейс Ханымы емханасының құрылыс жоспарын, сондай-ақ шектеулі аумаққа ие Князьдіктің қала құрылысын одан әрі жүргізудің бағыттарын таныстырды.

Қазақстан Президенті таныстырылымның мейлінше мазмұнды болғанын атап өтіп, осы сапарға шақырғаны үшін тағы да алғысын айтты.

– Альбер II-нің өткен жылғы сапары, Грейс Ханымға арналған Қазақстандағы көрме және менің биылғы сапарым – біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің өзара қарым-қатынастарының алғашқы  тарихи беттері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Мемлекет басшысы білім беру, денсаулық сақтау салаларына баса назар аударудың, сондай-ақ құрылысты белсене жүргізудің екі елге де ортақтығын атап өтті.

– Бір ерекшелігі, бұл мәселелерді Монако екі шаршы шақырым, ал Қазақстан екі миллион жеті жүз мың шаршы шақырым аумақта жүзеге асырады. Монаконың көпғасырлық тарихы бар, бүкіл әлемнің тәжірибесін жинақтап отыр, біз болсақ енді ғана өз даму жолымызды бастап отырмыз және үйренетін нәрселеріміз жетерлік, – деді Қазақстан Президенті.      

Нұрсұлтан Назарбаев Монаконың сыртқы қарызы нөлдік деңгейде екеніне тоқталды. Қазақстанның қазіргі уақытта жалпы ішкі өнімінің 4-5 пайызы көлемінде мемлекеттік қарызы бар және бюджет тапшылығы 3,5 пайыз көлемінде. Бірақ бұл ретте елдің ұлттық резерві 90 миллиард долларды құрайды, бұл бюджет тапшылығының және қарызының жоқтығы туралы айтуға да мүмкіндік береді.

Осы орайда Мемлекет басшысы Монаконың банк жүйесін зерттеу қажеттігіне назар аударды, ондағы шетелдік банктер үлесі 95 пайыз және бұл оның орнықты әрі қарқынды дамуына кедергі келтірмейді.

Қазақстан Президенті екі елдің ынтымақтастығын ұлғайтудың өзара тиімді әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Аумағы аса үлкен емес шағын мемлекеттің осындай орасан міндетті шешуге ұмтылып отырғаны сүйсінтеді. Біз Монакомен әсіресе медицина, білім беру, сондай-ақ құқық жүйені дамыту саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге ұмтылатын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Монаконың Мемлекеттік министрі М.Рожемен келіссөздер жүргізе отырып, онымен екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. 

 




Яндекс.Метрика