Білім беру

160-қа жуық ақмолалық оқушы облыстық пәндік олимпиаданың жүлдегері атанды

Көкшетауда пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өтті.
Ақмола 08 Қаңтар, 11:19

Онда 17 аудан, Көкшетау, Степногорск қалалары, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған  төрт мектептің 378 оқушысы қатысты. 31 жеңімпаз, 35 қатысушы ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды, 95 – қатысушы  ІІІ  дәрежелі дипломдармен марапатталды. Және   29 қатысушы   грамотаға ие болды, деп хабарлайды Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Олимпиада жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізіледі: қазақ тілі мен әдебиеті қазақ мектебінде, қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде, орыс тілі мен әдебиеті қазақ мектебінде, орыс тілі мен әдебиеті орыс мектебінде, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, математика, информатика, физика, химия, биология, география.

Облыстық олимпиаданың жүлдегерлері а.ж. ақпан айында  жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Атырау қаласында, ал гуманитарлық пәндер бойынша Қостанай қаласында өтетін Республикалық олимпиадаға қатысады.

Оқу жылының барысында төрт кезеңді құрайтын олимпиаданы білім басқармасының тиісті органдары орта және жалпы орта білім беру бағдарламаларына сәйкес, әр пән және сынып бойынша өткізеді: бірінші кезең - білім беру ұйымдарында, екінші кезең – аудандық (қалалық), үшінші кезең – облыстық, төртінші кезең – республикалық. Олимпиаданың екінші, үшінші және төртінші кезеңдерінің тапсырмаларын республикалық әдістемелік кеңес жалпы орта білім беру бағдарламаларына сәйкес дайындайды және оны Республикалық ғылыми-практикалық "Дарын" орталығы бекітеді.

Олимпиаданың мақсаты шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімін тереңдетіп және практикалық біліктілігін арттыру, тұлғаның өзіндік дамуына көмек көрсету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін оқушыларды іріктеу және дайындау, Қазақстандағы білім берудің беделін көтеру.

Оқушылар жұмыстарының құзыретті тексерілуін және тәуелсіз бағалануын қамтамасыз ету үшін әділ-қазы ретінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен  оқытушылар шақырылды: PhD  докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, ғылым магистрлері,  үздік оқытушылар.

Олимпиада жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі  7 қаңтарда "Көкшетау" мәдениет сарайында өтті.

 





Яндекс.Метрика