Халықаралық интеграция

АҚШ сарапшылары мен ресми тұлғалары ҚР Президентінің саясатын жоғары бағалайды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігі ресми тұлғалар, сарапшылар мен қазақстандық және жергілікті студенттердің қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР СІМ.
Әлемде29 Қараша , 15:29

Шараны ашқан Елші Қайрат Омаров аудитория назарын Мемлекет басшысының бейнесі мен қызметінің маңыздылығына аударып, тәуелсіз және гүлденген Қазақстанды қалыптастырудағы оның рөліне тоқталды. Президенттің күшті және дамыған мемлекет құрудағы стратегиялық шешімдері мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша жоғары білікті мамандар дайындауға деген қамқорлығы, сонымен қатар «Назарбаев университеті» жобасы әлем елдері тарапынан қолдау тауып, ұлтты құрудың жемісті моделін көрсетеді, дейді.  

АҚШ Мемлекеттік департаменті жаһандық білім беру кеңсесінің директоры Энтони Колиха елдер арасындағы стратегиялық байланыстарға жоғары баға бере келіп, білім беру саласындағы екіжақты байланысқа көңілі толатынын айтты. Оның айтуынша, «Болашақ», «Fullbright», «Flex» сынды бағдарламалар студенттер алмасуына қосымша мүмкіндік бермек. Мемлекеттік департамент өкілінің пікірінше, Қазақстан әлем елдерінің ішінде білім беру саласында тығыз байланыс орнатқан мемлекеттердің бірі. Осы орайда алдағы уақытта аталмыш бағыттағы жұмыстарды кеңейте түсуге сенім білдірді.

«Біздің өңір бойынша атақты сарапшы, Орта Азия және Кавказ елдері институты төрағасы Фредерик Старр Мемлекет басшысының қызметі туралы пікірімен бөлісіп, Қазақстанды күрделі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдан құтқарып, жедел дамушы экономикаға ие ел ретінде заманауи мемлекеттер арасына қосқан қайраткер ретінде бағалады», - делінген хабарламада.

Қазақстанда нарықтық қатынастар бойынша зерттеу мен Орта Азия елдерін зерттеумен айналысатын «Фулбрайт» бағдарламасы стипендияты Дена Шолктың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында Н.Назарбаевтың тарихи ерліктерінің біріне айналған ядролық қарудан бас тарту сынды бейбітшілік жолындағы жұмыстарының арқасында әлемдегі ең беделді мемлекеттердің біріне айналып отыр.  

Шараның соңында қазақстандық диаспора өкілдері мен студенттер қазақ ән өнерінің классиктерінің атақты шығармаларын орындады. 




Яндекс.Метрика