Адами капитал

Талдықорғанда 2014 жылдың жас көшбасшылары марапатталды

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында түрлі салада қызмет атқарып жүрген белсенді жастарды марапаттау мақсатында Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы - 2014» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы28 Қараша , 19:48

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің құттықтауында облыстағы жастар саясатының жүзеге асырылу  барысына тоқталды.

«Биылғы Жолдауында Елбасы жасампаз елдің жастарына үлкен сенім білдірді. «Нұрлы жол» креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы», - деп атап көрсетті. Сондықтан жас қазақстандықтар алдыңғы буын ағаларының игі істерінен үлгі алып, үнемі өздерін білімде, еңбекте, ізденісте жетілдіріп отыруы шарт. Себебі ел болашағының жарқын, әлемдік қауымдастықта беделді болуы  жастарымыздың білімі мен кәсіби дайындығына, жеке азамат ретінде қалыптасуы мен азаматтық көзқарасына байланысты», - деді өз сөзінде А.Баталов.

Құттықтау сөзден кейін өңір басшысы жастар сыйлығының жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар тапсырды.

Атап айтқанда, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылындағы № 4 мектептің мұғалімі Меруерт Жекебаева «Үздік жас ұстаз», «24 kz» телеарнасының операторы Олжас Байбосынов «Үздік жас маман», І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың 3 курс студенті Дәулет Ауданбаев «Үздік студент», XVII Азия ойындарының жүлдегері Маргарита Елисеева «Үздік жас спортшы», Панфилов ауданының тұрғыны Дінмұхамед Жапар «Үздік жас кәсіпкер» атанды. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы», «Үздік жас әскери қызметкер», «Үздік жас өнерпаз», «Жасыл ел жасағының үздік сарбазы», «Үздік жас ғалым», «Жас батыр», «Үздік жас саясаткер», «Үздік жас журналист», «Үздік ерікті», «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы сияқты жалпы саны 17 номинация бойынша сыйлықтар тапсырылды.

Шара қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концертпен аяқталды.

 

 

 




Яндекс.Метрика