Өңірлер

Астана әкімі «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы болып сайланды

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның Астана қалалық филиалының ХІХ есептік-сайлау конференциясына қатысты, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Қараша , 18:19

Өз сөзінде Бауыржан Байбек Елбасының тапсырмасына сәйкес ендігі кезеңде «Нұр Отан» партиясы жұмысының басты бағыты – Жаңа экономикалық саясаттың жүзеге асырылу барысына тиімді партиялық бақылау ұйымдастыру және бөлінген қаржының мақсатқа сай жұмсалуын қадағалау болатынын атай отырып, «Мәжілістегі партия Фракциясына мүше депутаттардың қатарынан «Нұрлы Жолдың» нақты бағыттарын қадағалау бойынша  4 депутаттық топ құрылады. Осы қағида бойынша жергілікті жерлерде де мәслихаттардағы фракцияларымыз арқылы сындарлы жұмыс жолға қойылады», - деді.

Конференция барысында Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы болып сайланды. Өз кезегінде, ол, партияластарына сенім білдіргендері үшін алғыс білдіре отырып, өзіне елордадағы партия ұйымының төрағасы ретінде үлкен жауапкершілік артылып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, конференцияда партияның Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов ағымдағы қызмет барысы туралы баяндама жасады. Айталық, қалада 34 мың нұротандықтың басын қосқан партияның 6 аумақтық филиалы және 319 бастауыш партия ұйымы қызмет атқарады. Ағымдағы жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша Астанадағы партия өкілдерінің 96%-ы  жаңа үлгідегі партиялық билеттерді алып үлгерді.

Партиялықтар «Нұр Отанның» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуын талқылап, Астана қаласының Сайлауалды тұғырнамасы орындалуының соңғы 2,5 жылдағы аралық қорытындыларын жасады.

 




Яндекс.Метрика