«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

Нұрлы жол жаңа экономикалық саясаты - Елбасының саяси кемеңгерлігінің белгісі

Нұрлы Жол жаңа экономикалық саясаты - Елбасының саяси кемеңгерлігінің белгісі, деп Strategy2050.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Ақтөбе облыстық мәслихаттың депутаты Қайырбек Тоқтаров мәлімдеді.
Казахстан25 Қараша , 12:18

«Бүкіләлемдік индустриялық қоғамның қалыптасуындағы соңғы екі ғасырда көптеген елдерде экономикалық дағдарыстар орын алғаны белгілі. Жиырмасыншы ғасырдағы дағдарыстар бірді-екілі мемлекетті қамтыса, жаһандану үдерісіне байланысты қазіргі экономикалық кризистер халықаралық сипат алуда.  Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ел болашағына  әсер ететін геосаяси қатерлердің алдын алу мақсатынан туған «Нұрлы Жол» - жаңа экономикалық саясаты -Елбасының саяси кемеңгерлігінің белгісі», - деді ол.

Мұнай мен экспорттық өнімдерімізге баға жоғары болған жылдары шикізат экспортынан түскен табыстар - Ұлттық қорға бағытталғаны және бұл шешімнің қоғамда көп талас тудырғаны белгілі.  Жолдаудағы жаңа экономикалық саясаттың негізі осы Ұлттық қордың қаржысы болатындығы -  сол кезінде қабылданған шешімнің дұрыстығының айғағы.  Осы қордың қаржысынан он миллиард доллар 2007-2008 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағытталып, қалғаны сақталып, көбейтілді.  Бүгін осы резервтерді пайдаланып, елімізді әлемдік дағдарыстан алып шығуға мүмкіндік туып отыр, деп атап өтті ол.

«Бұл қаржы жұмыссыздықты азайтуға, бизнесті қолдауға, банк секторын сауықтыруға, ивестициялар тартуға жағдай жасауға бағытталмақ.Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту қолға алынбақ. Астана мен  өңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен байланыстырудың ішкі экономикамызды дамытудағы ролі кәсіпкерлерімізге белгілі», - деді ол.

Тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамытудағы  жалға берілетін тұрғын үйлерді тұрғындарға сатып алу құқының берілуі - жас отбасыларына зор мүмкіндік бере отырып, демографиялық ахуалдың да жақсаруына жағдай тудырары сөзсіз. Бастапқы жарнаның болмауы мен төмен пайызды ипотека- тұрғындарымыздың баспаналы болуына мүмкіндік ашады, деп атап өтті ол.

«Әлеуметтік саладағы проблемалардың бірі - апатты мектептер мен үш ауысымда оқытуды шешу қолға алынады. Бұл Нұр Отан партиясының сайлауалды тұғырнамасының негізгі индикаторларының бірі болғандықтан, 2017 жылға дейін қосымша жетпіс миллиард теңге бөліну қаралған. Мектепке дейінгі мекемелер тапшылығын шешу мақсатында қосымша қаржы бөлініп, бұл салаға кәсіпкерлердің қатысуына мүмкіндік беріледі», - деді ол.

Осыған орай, партияластарым мен облыс азаматтарын Елбасы ұстанып отырған «Ел бірлігі - келешектің кепілі» саясатын күнделікті өмірде істерімізбен дәлелдеп, халқымызға тән бауырмалдық, имандылық, қонақжайлық қасиеттерімізді ту етейік дегім келеді. Тек осындай ұстаным арқылы ғана жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын тәуелсіздігіміздің баянды жалғасы ете алатындығымыз сөзсіз.




Яндекс.Метрика