Мәдениет, дәстүрлер және даралық

Ақордада Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының III отырысы болып өтті

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы өтті, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Казахстан25 Қыркүйек , 19:21

ҚР Мемлекеттік хатшысы Мемлекет басшысының ғылыми-тарихи қоғамдастықтың алдына ұлттық тарихи жадымызды қайта жаңғырту, еліміздің тарихын әлемдік-тарихи процестің бір бөлігі ретінде терең зерделеу, «ақтаңдақтарды» еңсеру жөнінде ауқымды міндет қойғанын атап өтті. Мемлекет өз тарапынан ғылыми-тарихи қоғамдастықтың толыққанды кешенді қызмет етуі үшін барлық қажетті жағдай жасап отыр.

Ғалымдардың міндеті – Қазақстан тарихын бүкіләлемдік тарихи процестің ажырамас бір бөлігі ретінде көріп, ұғынуға мүмкіндік беретін терең және объективті ғылыми зерттеулер жүргізу.

Отырыста Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед сөз сөйледі. Олар ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік және ақпараттық жұмыстарды жаңғырту мәселелері жөніндегі тапсырмалардың іске асырылу барысы туралы баяндады.

Қазақстан ғалымдарының шетелдік мұрағат орталықтарындағы жұмысының алдын-ала нәтижелері туралы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі М.Әбусейітова айтып берді.

Отырыс барысында Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы, «Геоархеология» халықаралық зертханасы, «Дүние жүзі тарихын зерделеу» ғылыми-зерттеу орталығы, Популяциялық генетика зертханасы тәрізді жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу құрылымдарының тұсаукесері болып өтті.

Сонымен қатар, отырыста тарих тақырыбына арналған «Mangi el» халықаралық ғылыми-көпшілік журналының сүйінші данасы және «Қазақстан тарихы» жаңа веб-порталы таныстырылды.

Отырыс қорытындысында Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелеріне ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөнінде алға қойылған міндеттерді іске асыруды жалғастыру тапсырылды.

 




Яндекс.Метрика