Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

ИИДМБ аясында Қазақстанның электровоз құрастыру зауыты кәсіпорын өндірісіндегі қазақстандық мазмұн үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді жоспарлауда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Alstom Transport француз компаниясының технологиясы бойынша ауыспалы токпен жұмыс жасайтын жүк және жолаушы электровоздарын өндіру зауыты 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Зауыт 2012 жылдың желтоқсан айында ашылды.
Астана қаласы21 Қаңтар , 11:06

«Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС Alstom Transport (Франция) компаниясының темір жол машинасын құрастыру саласында соңғы инновациялық жетістіктерді пайдалана отырып жүк және жолаушылар электровоздарын шығаратын Қазақстан Республикасы аумағындағы жалғыз кәсіпорын болып табылады.

«Біздің зауыт әлемдегі ең үздік электровоздарды шығарып жатыр. Қазіргі таңда ТМД елдерінде біздің өніммен теңдесетін өнім жоқ. Темір жол машинасын құрастыру саласында соңғы инновациялық жетістіктерді пайдалана отырып Alstom Transport (Франция) компаниясы өндіріске енгізген жүк және жолаушылар электровоздарын шығарумен айналысады. Қазақстан бұл технологияны игеру үшін ғылыми-техникалық жұмыстарға 50 млн еуро көлемінде қаражат салды. Біздің мамандар шет елдерде білім алып келді», - дейді «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС коммерциялық директоры Андрей Ершов.

Бүгінде кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы KZ8A ауыспалы ток жүк магистральді электровозы мен KZ4A ауыспалы ток жолаушы электровозының 100 секциясын шығаруға жетеді.    

«Зауыттың қуаттылығы жылына 100 электровоз секциясын шығаруға қауқарлы. Ол екі секциялық жүк және бір секциялық жолаушы электровоздары. Бүгінгі таңда зауыт тапсырыс берушіге 24 дана KZ8A жүк электровозын жасап шығарды. Бұл электровоздар республиканың барлық жерінде пайдаланылып жатыр», - дейді «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС маркетинг және сату басқармасының басшысы Ермек Иісов.

Өндірістік нысанның жалпы ауданы 7,5 га. Өндірістік ғимарат аумағы 30.000 шаршы метрден асса, әкімшілік-тұрмыстық корпус ауданы 3.500 шаршы метр.

Қазіргі таңда зауытта шамамен 160 қызметкер еңбек етуде. 2016 жылдың соңына қарай түрлі мамандық бойынша штат саны 600-ге жетпек.

«Бүгінгі таңда зауытта шамамен 160 қызметкер еңбек етуде. 2016 жылдың соңына қарай түрлі мамандық бойынша штат саны 600-ге жетпек. Жыл сайын өндіріс жоспарына сай қызметкерлер саны артып келе жатыр. Қазақстандықтардан басқа өндірісте Alstom Transport компаниясының мамандары да бар», - дейді Ермек Иісов.

 

 

Бір электровоздың құны шамамен 7 млн еуроны құрайды. Оны шығару үшін қажетті материалдар мен құрылғылар негізінен Еуропа елдерінен тасымалданады. Алайда, маркетинг және сату бөлімі басшысының айтуынша, ЕАЭО туралы келісімнің күшіне енгеннен бастап зауыт КО елдерінің аумағында айтарлықтай үлес алуды жоспарлап отыр.

Зауыттың коммерциялық директорының пікірінше, қазіргі таңда кәсіпорын елдің ішкі нарығын толық қамтып отыр. Алдағы уақытта, 2016-2019 жылдары зауыт өз өнімдерін Әзірбайжанға экспортқа шығармақшы.

«Әзірбайжанға электровоз сату ойда бар. Биылғы жылдың мамыр айында «Альстом» компаниясымен бірге 2016-2019 жылдар аралығында 3 жыл бойы Әзірбайжан темір жолына 50 дана электровоз жеткізу туралы келісімге қол қойылды», - дейді А.Ершов.

Сонымен қатар, ИИД МБ аясында «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС бағдарламаның алғашқы екі жылында шамамен 40 жүк электровоз шығармақшы.  

«2015-2017 жылдары аралығында тағы да 40 электровоз шығаруды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Айта кету керек, кәсіпорындармен барынша жақын кооперация құру мен көлік-машина құрастыру кластерлерінде интеграцияға ену мақсатында зауыт «Астана индустриялды паркі» арнайы экономикалық аймағына орналастырылған. Бұл өз кезегінде зауытқа кедендік баж салығы бойынша жеңілдіктер береді.

Индира Қауметова

Суретке түсірген Азамат Алиев




Яндекс.Метрика