Жеделхатта сайлау қорытындылары А.Меркельдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жөніндегі қызметі мен Германияның халықаралық рөлін нығайтуға бағытталған саясатына көпшіліктің көрсеткен қолдауының нақты дәлелі екені атап өтілген.
«Соңғы жылдары Қазақстан мен Германия арасындағы өзара қарым-қатынастар барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өткім келеді. Алдағы уақытта да біз елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге шығару үшін бірлескен күш-жігерімізді аямайтынымызға сенімдімін», – делінген құттықтау жеделхатында.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Федеральдық канцлерге зор денсаулық пен бақыт, ал достас Германия халқына мол игілік және бейбіт өмір тілеген.