Мәдениетті жаңғырту

«Астана Опера» театры Карнеги-Холды бағындырды

«Астана Опера» театры Әлемдік турнені Нью-Йорктен бастап (АҚШ), 27 қазанда тіс қаққан американдық көрерменге «Азия Дауысы» атты концерт ұсынды, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 30 Қазан, 20:03

«Музыкалық сыншылар мен қонақтардың бағалауынша, «Астана Опера» театрының труппасы өздерін өте жоғары деңгейде көрсетіп, әлемнің ең беделді алаңдарының бірі – Карнеги-Холда баршаны таң қалдырды», - делінген хабарламада.

Бағдарламада А. Жұбанов, Л. Хамиди, Е. Рахмадиев, Т. Мұхамеджанов сынды заманымыздың композиторлары жазған қазақтың халық әндері мен музыкасы, сондай-ақ Дж. Верди, Д. Россини, Ж. Оффенбах, А. Бородин, Л. Бернстайннің керемет жауһарларынан үзінділер бар. Кешті Халықаралық конкурстардың лауреаты, көрнекті скрипкашы Ержан Күлібаев П. И. Чайковскийдің скрипкаға арналған әйгілі концертімен ашты. 

Театрдың көркемдік жетекшілері бағдарламаның өте дұрыс таңдалғанын айтады.  «Аталған сахнада қазақтың шығармалары алғаш рет толыққанды қазақстандық театр тарапынан ұсынылды. Музыканттарымыз ұлттық музыканың үздік үлгілерін орындады. Тыңдарман М. Төлебаев, Е. Рахмадиев және басқа аса көрнекті композиторлардың асқақ туындыларымен таныса алды. Мұнымен қатар, XX ғасыр композиторларының әр алуан музыкасы да кеңінен паш етілгенін айта кеткен маңызды», - деп айқындай түсті басшылық.

Карнеги-Холл «Астана Операны» аншлагпен қарсы алды, концертке қызығушылық танытқандар: консерватория қызметкерлері, дипломаттар, қоғам қайраткерлері, музыка сыншылары, Метрополитен-опера агенттері, сондай-ақ биік өнерді сүйетін қауым. Кешке келген әйгілі қонақтар қатарында Лос-Анжелестен арнайы ұшып келген актер әрі продюсер Эдриан Броуди болды. Сахнаға шыққан ол, әртістермен сәлемдесіп, Қазақстан жайлы жылы лебіздерін жеткізді.  

Американдықтардың уақытты өте бағалайтыны белгілі, алайда концерт барысында тұрып кетіп қалған бір де бір адам болған жоқ.

Концерт өткен күні баспасөз мәслихаты болып, оған Нью-Йорктің жетекші масс-медиасы қатысты. Бруклин ауданының президенті Эрик Адамс беделді спикерлер қатарын толықтырды. Баспасөз мәслихатының соңында ол дәстүр бойынша театр директорына мақтау қағазын табыс етті. Мұнымен қатар «Астана Опера» театрының хоры Бруклин қаласы мэриясының тарихи ғимараты алдында, Brooklyn Borough Hall-да тосын өнер көрсетті. Бұл өз кезегінде өтіп бара жатқан американдықтарды қызықтырмай қойған жоқ, қазақстандық әртістердің өнеріне тәнті болғандар шапалақ жаудырды.

 





Яндекс.Метрика