Инновациялар

Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары «РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» байқауында лауреат атанды

«Волковгеология» АҚ және «Үлбі металлургиялық зауыты» (ҮМЗ) АҚ биылғы «РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» байқауының лауреаты атанды, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» АҚ.
Казахстан30 Қазан , 10:17

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» (ТДҰА) АҚ әр жылы өткізетін байқау екі аталым бойынша жеңімпаздарды анықтайды: «Жылдың үздік рационализаторлық шешімі» және «Кәсіпорындарда рационализаторлықты қолдаудың үздік жүйесі». 2014 жылы Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары осы екеуінен де лауреаттар қатарынан табылды.

Еліміз аумағында геологиялық барлау жобаларын жүзеге асырып келе жатқан «Волковгеология» АҚ кәсіпорында рационализаторлықты қолдаудың үздік жүйесі үшін бас жүлдені иеледі.

«Соңғы 13 жылда, 2001-2014 жылдар аралығында «Волковгеология» АҚ өнертапқыштық үшін 41 алдын-ала және инновациялық патент алған. Осынау кезең ішінде кәсіпорында енгізілген 138 өнертапқыштық ұсыныстар нәижесінде 216 млн теңгеден астам қаржы үнемделді», - делінген хабарламада.

«Жылдың үздік рационализаторлық шешімі» аталымында екінші орынды және 1 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты «ҮМЗ» АҚ тантал өндірісінің жаңашылдары – Александр Ангилевко, Николай Лебедев, Виктор Цораев және Геннадий Гайнцев  жеңіп алды.

«Инженерлер идеясы модификациялау қосындысы ретінде иттрий тотығының орнына металл иттрийді қолдану жолымен тантал құймаларын өндіру технологияларын өзгертуді көздейді. Авторлар бұл технологияны енгізу өнім сапасын арттыруға –дайын тантал құймаларындағы оттегі қоспаларының салмақтық үлесін төмендетті. Сонымен қатар, иттрий тотығынан металл иттрийге ауысу реагенттер шығысына жұмсалынатын шығындарды анағұрлым төмендетуге жеткізетінін дәлелдеді», - деп хабарлады Ұлттық компания.

Жаңалықты енгізуден түсетін экономикалық тиімділік жылына 13 жарым миллионнан жоғары теңгені құрамақ.

«ҮМЗ» АҚ өнертапқыштарының республикалық байқаудағы алғашқы жеңістері бір бұл емес. 2011 жылы кәсіпорын «Кәсіпорындарда рационализаторлықты қолдаудың үздік жүйесі» аталымында бас жүлдені алған болатын.

Айта кетейік, «РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» байқауы елімізде осымен бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. «ТДҰА» АҚ-дағылар айтқандай, 2014 жылғы байқаудың іріктеу турына 100 өтінім келіп түскен. Жеңімпаздарды анықтауда ұсыныстың жаңашылдығы, белгіленген экономикалық тиімділігі, техникалық шешімнің және ұсынылып отырған жаңашылдықты іске асыру механизмінің анық көрсетілгендігі ескерілген.




Яндекс.Метрика